«Ел іші – өнер кеніші», демекші ауылдарды аралай кетсең, неше түрлі шеберлерге, он саусағы өнеріне толы жандарды кезіктіріп жатасың. Бөлексаз деп аталатын ынтымағы ұйыған, берекесі мерекесіне ұласқан ауылда тұратын Қытайдан атамекенімізге оралған Змила Рақыш атты өнерлі келінді кездестірдік. Неше түрлі әдемі моншақтардан жасаған ыдыстарын көріп, тәнті болдық. Бұл дегеніңіз аталған нәзік жанның бойына біткен табиғи суретшілік, мүсін өнерінің барын аңғартты. Түрлі дәм салып қоятын ыдыстар көзді тартты. Ал, төр жаққа қойып қоятын тамаша құмыраға да бей-жай қарай алмайсың.
Он саусағы өнеріне толы Змила биыл алдына жақсы мақсат қойып, қолына алыпты. Аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, шағын тігін цехын ашуға құжаттарын өткізіп қойыпты. Қазір онлайн түрінде кәсіпкерлік курсынан өтуде. Одан кейін мемлекетіміздің «Еңбек» бағдарламасы аясында 585 мың теңге грантына ие болса, тігін цехын ашқалы отыр. Змила құрақ көрпе жасайды. Тоқыма, кесте тігудің де шынайы шебері. Алдағы уақытта шағын тігін цехы арқылы үйлердің сәнді есік, терезе перделерін жасауды, сұраныспен түрлі киім тігуді сәтімен жүзеге асырғалы отыр.
2001 жылы шаңырақ көтерген Змила мен жұбайы Айболат екеуінің отбасында Шалхар, Қарлығаш, Айкөркем, Заңғар, Айлин атты ұл-қыздары өсіп келеді. Ерте тұрып сиыр сауып, май шайқап, құрт пен ірімшік жасап, дастарханын сүт тағамдарына толтыратын ақ келінді көрші-қолаңдары «құтты келін, ісмер келін» деп орнымен мақтап отырады. Он саусағынан өнер тамған Змила Рақыштың еңбегі жана берсін.
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы.