Соңғы жылдары елімізде мобильді аударымдар бойынша тексеріліс жүргізіледі деген мәселе көтеріліп келген еді. Яғни егер жеке тұлғаның шотына үш ай қатарынан, ай сайын әртүрлі адамдардан сомасы 3 төменгі жалақыдан асатын (бұл шамамен 255 мың теңге) 100-ден астам аударымдар түссе, тексеріс жұмыстары жүргізілетін болады.
Бұл көбейіп кеткен көлеңкелі бизнестің жолын кесу мақсатында министрлік тарапынан жасалған қадам еді. Себебі жеке тұлғалар арасында пайдалану үшін жасалған мобильді аударымдар кейінгі жылдары кәсіпкерлік мақсаттарда да қолданылуда. Алайда кәсіпкерлер мобильдік аударымдарды белсенді пайдаланғанымен, салық төлемін әділетті төлемей, біраз табысын жасырумен айналыса бастаған. Осы ретте ашық тексерістер жүргізілуде.
Нақты айтқанда, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайларының банктік шоттары туралы ақпарат алынған. Ал 2024 жылдан бастап мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайларының 2023 жылғы мобильді аударымдары туралы ақпаратты банктер салық органдарына берген еді.
Енді ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап банктер мемлекеттік органдарға 2024 жылы Қаржы министрлігі белгілеген талаптарды бұзған жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары туралы ақпаратты бере бастады.
Ал 2026 жылдан бастап тексерулер барлық қазақстандыққа қатысты болмақ. Яғни заңды тұлғаларға қатысы жоқ қарапайым халықтың өзге бөлігінің 2025 жылғы мобильді аударымдары туралы ақпарат тексерілетін болады. Тексеруден кейін заңды бұзған қазақстандықтар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек (егер ол жасалмаса), декларацияда алған айналымын көрсетіп, салық төлеуі тиіс.
Заңға сәйкес, кәсіпкерлік қызметпен тіркеусіз айналысатындарға 15 айлық есептік көрсеткіш (2025 ж. 58 980 теңге) көлемінде айыппұл салу қарастырылған. Заң бұзушылық екінші рет қайталанса, айыппұл 30 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Бұл – 117 960 теңге. Салық салу объектілерін жасырып қалу төленбеген салықтардың 200%-ы мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Қайталап бұзғаны үшін – 300%. Чек бермегені үшін – 15-тен 50 АЕК-ке дейін (58,9-дан 196,6 мың теңгеге дейін).
Айта кетейік, тауарлар мен қызметтерді ұсынғаны үшін ақысын мобильді аударым ретінде жеке шотқа аударту көлеңкелі кәсіп болып саналады. Ондай төлемдер үшін салық ұсталмайды, салдарынан қазына түсуге тиіс миллиардтаған қаражаттан қағылады. Сол үшін елде тауарлар мен қызметтер ақысын арнайы кассалық аппарат, QR-код немесе POS-терминал арқылы төлеу міндеттеліп отыр.
Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар салық төлеуден жалтару әрекеттерін азайтып, елде бизнесті жүргізуге әділ мүмкіндік қалыптастырады. Ал адамдар арасындағы бұрынғыдай алыс-беріс сол күйінде қала береді. Тек үш ай көлемінде 99-дан аспауы керек.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.