Ғасырға жуық ғұмыры бар ауданның әрбір өркендеу мен өрлеуі жолында қаншама азамат маңдай терін төкті. Кешегі Кеңестік кезеңнен бастап, егеменді ел атанған бүгінге дейін қажырлы қызмет еткен алдыңғы аға буынның еңбегі ұшан-теңіз. Өмірінің отыз жылға жуық уақытын мемлекеттік қызметке арнаған Клавдия Хегай да солардың бірі. Әріптестері мен жақындарының арасында әрқашан өз ісіне адал, еңбекқор, жарқын күлкісімен айналасына әрдайын көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын адам ретінде белгілі ол – бүгінде еңбегінің жемісін көріп отырған зейнеткер.
Клавдия Николаевна еңбек жолын 1972 жылдары бастап, өндірістік оқу шебері, комсомол комитетінің хатшысы, директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі бірінші орынбасары, Қостанай облыстық атқару комитетінің оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі, республикалық орталықтың оқу-әдістемелік орталығының меңгерушісі, республика бойынша Қаскелең оқу-өндірістік комбинаты, аудандық партия комитеті директорының орынбасары, директоры, аудандық партия комитеті таратылғаннан кейін халықты жұмыспен қамту орталығының маманы, кейін орталықтың аға маманы, халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары сияқты лауазымдарында қызмет еткен. Еңбек демалысына шыққаннан кейін де әрқашан белсенді болып, ауданның қоғамдық жұмыстарына барынша атсалысып отырған. Тек кейінгі жылдары денсаулығының сыр беруіне байланысты Клавдия апайымыз қоғамдық жұмыстарға қатыса алмай қалған.
Мемлекеттік қызметтен кеткенімен ол кісімен бірге еңбек еткен әріптестері әлі күнге дейін Клавдия апайымызбен көрісу үшін үйіне келіп тұрады екен. Таяуда да онымен бірге қызмет еткен ауданымыздың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Қыйлыбаева үйіне арнайы барып, хал-жағдайын сұрап қайтты.
Бұрынғы әріптесін қуана қарсы алған Клавдия Николаевна бірден ауданда болып жатқан өзгерістер, атқарылып жатқан жұмыстар жайында сұрады. Әлия Жұмаділқызымен ауданның тынысы жайлы әңгімелесе отырып, өзінің қызмет істеген кездерін, жұмыс кезінде орын алған қызықты жайларды, әріптестерін еске алды. Бүгінде денсаулығы сыр беруіне қарамастан әлі де ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене қатысқысы келетіндігін де айтып, осы уақытқа дейін дәрігерлік көмекпен жүруге қолдау білдірген қажетті құралдармен қамтамасыз етіп отырған мемлекетке, жергілікті билікке алғысын білдірді.
Қызықты естеліктерге, жарқын күлкіге толы болған әңгімеден кейін Әлия Жұмаділқызы алдағы уақытта да өз тарапынан Клавдия Николаевнаға барынша қолдау көрсететіндігін айтып, «Rotopack» компаниясының атынан азық-түлік себетін табыстады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.