Кәдірбек Сүлейменнің мерейі
Әр өңір өнерінің мәйегіндей жандар аз емес. Сол өлкенің елі-жұртының ыстық ықыласына бөленіп жүрген тұла бойлары өнеріне тұнған жандарды көргенде ризашылығың арта түседі. Ақырын жүріп, анық басады. Артық сөзі, мінезі жоқ. Ақ көңіл, ақ пейілдің өзі. Келісті қара шашын артқа қайырып қояды. Батырлар тектес еңселі денелі жігітті алыстан байқайсың. Сөзге де шебер. Төгілтіп әкетеді. Қызыл шырайлы, ашаң жүзді, болмыс-бітімі келбетті азаматты ешкім де жек көрмейді. Мінезі сондай қарапайым. Үлкенмен үлкендерше, кішімен кішілерше сөйлеседі. Жүзінен иманы төгіліп тұрған азаматтың ақыл-парасатын анық байқайсың. Біз сөз еткелі отырған Кәдірбек Сүлеймен сахнаға шыға келсе, танымай қаласың. Көрерменін үйіріп, өзіне баурап алады. Дәстүрлі әнші. Әсіресе, халық әндерінің насихатшысы. Репертуарларының дені – халық маржандары. Арғы жақтан, Алтай жақтан әкелген жаухарлары да аз емес. Кенен Әзірбаев атындағы облыстық дәстүрлі әншілер байқауының лауреаты. Мұқағалиға арналған «Жырлайды жүрек» атты ән байқауының жүлдегері. Оның сыртында Кеген халық театрының жетекшісі емес пе, сахнада түрлі тұлғаларды сомдап шыға келсе, мынау шынымен Кәдірбектің өзі ме деп, таңданып қаласың. Шынайы актер. Басқаны айтпағанның өзінде «Қазақстан» Ұлттық арнасы Кеген өңірінде түсірген «Қилы заман» атты телесериалға түсіп, ауыл ақсақалының түр-тұлғасын тамаша сомдап шықты. Бұл телесериал «Алматы» арнасынан көрсетіліп үлгерілді. Кәдірбек ағамыз басқаратын Кеген халық театры өткен жылы Ұзынағашта өткен халық театрлары мен жаңадан құрылған халық театрлары арасындағы облыстық байқауда бас жүлдені еншіледі. Бұл аз десеңіз, Кәдірбектей өнерлі азамат жұмыстан қолы босаған кезде бұрқырата өлеңін жазады. Жазғандары жергілікті басылымдарда ұдайы жарық көріп келеді. «Бір жыр жинағын шығарып қою керек еді», – деп өзіне тән мінезімен жымиып қояды. Мұның сыртында сазгерлігі де бар. Ел-жұртына танымал бірнеше әндері сахна төрінен орындалып келеді. Әрі әнші, әрі ақын, әрі актер, әрі сазгердің жайы осы. Кәдірбек аға Кеген аудандық Мәдениет үйінде еңбек етіп келе жатқанына жылдар жуықтады. Қытайдағы педагогикалық институттың музыкалық факультетін жақсы бітірген. Шын мәнінде, өлке өнерінің өркендеуіне белді үлесін қосып келе жатқан бірегей жан. Екі жыл қатарынан аудандағы мәдениет саласы бойынша «Жыл үздігі» атанғаны бекер емес. Облыс әкімінің, облыстық шығармашылық орталығының марапаттарына ие. Сахна төрінде дәстүрлі әндерін төгілтетін, тұлғалардың бейнесін сомдап шыға келетін, жүректен шыққан өлеңдерімен де тамсандыратын Кәдірбекке ел ризашылығы шексіз. Асыл азамат – Кеген ауылындағы үлгілі отбасының бірі. Жан жары Жұмахан Омарқызы екеуі Ақмарал мен Наркес аты екі қыздарын ұзатты. Жібектей есілген, алтындай қыздары да әкелеріне тартқан өнерлі, ән айтады. Әлихандай ұлдары өсіп келеді. Ел-жұртын сүйіндірген тамаша өнерімен, абыройымен елуіне келген Кәдірбекке амандық, шығармашылық табыстар тілейміз!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауылы.