Қазіргі уақытта әр ауылда, іргелі ортада ақ әжелер ансамбльдері жұмыс істейді. Өмірлері өнегесіне, тірліктері тағылымына толы асыл жандардың дәл сондай ансамбльдің құрамында жүргеніне қуанамын. Жастары жетпістен асып сексенге таяса да қатардан қалмай, ұлтымыздың ежелден келе жатқан саф алтын-халықтық әндерін әуелете айтып, жас ұрпаққа ұлағаттап жүргеніне жұбанамыз. Кеуделері алтын сандық ақ әжелеріміз бар да ұлттық құндылықтарымыз атқан таңмен ажарланып, шыққан күнмен шырайлана түсетініне сеніміміз мол.
Жалаңаш ауылында байырғы ұлағатты ұстаз, асыл ана, жүзінен мейірімі төгілген мейірімді әже, еңбек ардагері Дәриға Базаркелдиева тұрады. Жаны жайдары, жүзі жылы, жүрегі мейірімге толы. Жалаңаш ауылдық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Үш Меркі» әжелер ансамблінің белді мүшесі. Әз ана, ақ әжені жалпы, Жалаңаш, Кеген өңірінің тұрғындары жақсы біледі. 1942 жылы Райымбек ауданындағы Сүмбе ауылында дүниеге келген. Жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татып өскен. Содан да болар үй шаруасына, еңбекке тым ерте араласты. Сарыжаз ауылдық округі аумағындағы өз тұсындағы кәсіптік-техникалық училищеде дәріс алып, «механизатор» мамандығын алып шыққан. Туған ауданының төрінде алғашқы еңбек жолдары өрілді.
1964 жылы тағдыр айдап Кеген ауданындағы Жалаңаш ауылына келін болып түсті. Сол кезден бастап өмірі жақсылық жағына қарай ойысқаны шындық. Алматы қаласындағы Қазақтың қыздар педагогикалық институтын «тарих пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша еңбектен қол үзбей жүріп бітіріп шықты. Ұстаздық жолын алғаш бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған болатын. Өмірлік серігі Сембай Төлеуұлы өз тұсында шаруашылықта механизатор болып еңбек етті. Қазір әулеттің ортасында жоқтығы асыл ананың бейуақ жүрегін мұғайтып қояды. Анардай үлкен қызы Алматы қаласында тұрады. Жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Жанардай қызы Талғар ауданы аумағында балалар бақшасында тәрбиеші. Тілеулес, Қарлығаш атты қыздары да отбасылы. Дәриға ана кенже ұлы Берікболмен бірге қарашаңырағының отын маздатып отырған жайы бар. Берікболдай ұлы Жалаңаш ауылындағы оқу-өндірістік комбинатында шәкірттеріне көлік тану, жүргізуден дәріс береді. Кәмшат атты алтын келініне әрдайым дән риза. Қас-қабағына қарап, жақсы көретін тамағын әзірлеп тұрады. Келіні – Ж.Ермегияев атындағы орта мектепте бастауыш сыныптың мұғалімі. Қарашаңырақтың ажарын ашып, базарын орнатып жататын Рахаттай немересі 11 сыныпта оқып жүр. Шырын атты тәтті немересі 3 сыныпта. Сырым атты қылығы балдай кіші немересі биыл 1 сыныпқа барып, үлкен қуаныш сыйлады.
Дәриға ана Жалаңаш ауылындағы Ж.Ермегияев атындағы орта мектепте 35 жыл табан аудармай ұстаздық ісін жалғады. Шәкірттеріне тарих пәнінен дәрісін берді. Шүкір, сан тарау арман мен мақсат, сүрлеу, соқпаққа қанаттандырған шәкіртерінің бәрі үмітін ақтады. Жолын қуғандары да бар. Тәуелсіз мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде түрлі мамандықтар бойынша жемісті жұмыс жасап жүрген шәкірттерін ойлап кетсе, жүрегіне қуаныш ұялайды. Жүзі жадырап, көңілі албырай түседі. Жарты ғасырға жуық шәкірттеріне тәлім мен тәрбие берген ерен еңбегі құры алақан қалған жоқ. Еңбек ардагері атанды. Облыстық, аудандық білім саласы басшылығының Құрмет грамотасымен марапатталды. Асыл ана халықтық әндерді, туған ел мен жер туралы әндерді жақсы көреді. Тамылжыта орындайды. Қапездің әндері, жергілікті сазгер Бақытжан Құсайыновтың әндері репертуарынан түскен емес. Абайдың, Біржан салдың, Ақан серінің, Балуан Шолақтың, Нұрғисаның, Шәмшінің, Ескендірдің әндеріне деген ықыласы ерекше. Дәриға ана – ұлтымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрін берік ұстаған жан. Қолөнерінен кенде емес. Кезінде кесте тігіп, құрақ көрпе жасап, тоқыма тоқып өскен қызғой, немерелеріне үйретері көп.
– Бүгінгі білімді, білікті, зерделі, ақылды, ойлы жастарға үлкен сенім артамын. Тәуелсіз Отанымыздың келешегі, сенімді тірегі – солар. Күнге қарап бой түзейтін күнбағыс секілді өсіп келе жатқан жас ұрпақ ұлтымыздың сан ғасырдан келе жатқан інжу-маржандарын біліп, саналарына тоқып, құрметтеп өссе, азаматтар болып қалыптасса, ойымыздың орындалғаны, – дейді Дәриға ана тебірене тіл қатып.
«Үш Меркі» әжелер ансамблінің мүшесі, зейнеткер ұлағатты ұстаз, еңбек ардагері, Дәриға ана – жиырмадан аса немересін, оншақты шөбересін аялап отырған бақытты әже. Солардың қуаныштары, жақсылықтарына куә болып марқайып, жанын жадыратып жүрген жайы бар. Ұлттық құндылықтарымызды ұлағаттап келе жатқан асыл ананың өмір жасы ұзақ болсын!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
Кеген ауданы,
Жалаңаш ауылы.
Суретте: «Үш Меркі» әжелер ансамблінің мүшесі, еңбек ардагері, байырғы ұлағатты ұстаз Дәриға Базаркелдиева.