Қаскелең қаласының 55 жылдығы мен Любовинск станицасының 160 жылдығына орай, журналист, жазушы, өлкетанушы Үсенбай Бақтиярұлы Тастанбековтың «Қалам ұшындағы өмір» атты кітабы, өлкетанушы, тарихшы Николай Кириленконың, журналист Юрий Красильниковтың еңбектері бойынша дайындалған материал.
«Менің қалам. Мен өз қалам туралы не білемін?». Бұл сұраққа кейбір адамдар: «Көп нәрсе білемін. Өзімнің қаламды өте жақсы білемін. Осында туып, өстім. Қаланың барлық көшелерін беске білемін, қала тұрғындарының көбісімен таныспын. Тіпті, халық санын да, қанша мекеменің бар екенін және қай көшеде орналасқанына дейін айта алмын. Осыны білгенім де жеткілікті емес пе?» дейді, әрине. Кейбіреуі: «Өзімнің қалам туралы білерім аз» деп, мойындар да еді. Мұнымен келіспеу мүмкін де емес. Өйткені, көше аттарын білу, қала тұрғындарының көбісін білу немесе қаланың жаңа аудандарын білу – шынымен де жартылай білу болып саналады.
Әр қаланың тарихы бар. Ол қашан құрылды? Жергілікті халықтары мен басқа жерлерден қоныс аударушылары кімдер? Бұрынырақта қала орнында не болған? Оның тұрғындарының тұрмысы қандай еді? Міне, осы сұрақтардың жауаптарында Қаскелең қаласының бар тарихы сақталған.
Мен осы жайында архив құжаттарын, жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерін және осы мекеннің зерттеушілері, өлкетанушылар Ү. Тастанбеков пен Н. Кириленконың жазған зерттеу жұмыстарын пайдалана отырып айтқым келіп отыр.
Қала тарихынан. Біздің өлкенің бірегей, қайталанбас тарихы бар. Ол ғасырлар қойнауына дейін кетеді. Оған, тарихи құжаттар мен сонау кеңес өкіметі тұсында археологиялық қазба жұмыстары кезінде Алматы, Есік қалаларында және Каменка ауылында, Шамалған бекетінде табылған заттар куә. Кейбір тарихи дереккөздерге сүйене отырып және де осы жердің өлкетанушылары мен тарихшыларының айтуы бойынша, Қарасай ауданының жерінде қазақтар өте көне заманнан бері тұрған екен. Алғашқы халықтары Үйсін, Қаңлы. Олармен бірге Жалайырлар да тұрған екен. Ол халықтар тауды – Есік, Талғар, Қаскелең, Қасқасу өзендерінің бойын мекендеген. Көбіне мал өсірумен айналысқан. Ірі қара малмен қатар жылқы, қой ұстаған. Сулы алқаптарға егін егіп, астық та өсіре білген.
Үйсіндер Қытай империясымен сауда-экономикалық, дипломатиялық қатынастарда болған, тіпті, туысқандық қатынасы болған деседі. Оған дәлел, шамамен біздің дәуірімізден бұрынғы 110-109 жылдары Елжау-ханның Қытай ханы Удимен қарым-қатынас жасағаны жазылған. Сол жылы Уди хан өзінің інісі Жан-ду Уанның Шижун атты қызын Елжау-ханға береді. Ол қыз тыңшылық қызмет атқарып, Қытайға хат жазып, мұндағы көрген-білгенін хабарлап отырады. Бұл өзі келіп түскен жеріне сатқындық болса, қазір мықты тарихи құжат болып отыр. Шижун қыздың жазуы бойынша ол кезде Үйсін хандығында 630 мың адам немесе 120 мың түтін болған. Әскерлерінің саны 188.800 адам екен.
Енді Үйсіндермен қатар өмір сүрген Қаңлылардың саны орыс ғалымы Никита Яковлевич Бичуриннің жазуы бойынша, 120 мың үй немесе 600 мың адам болған. Оның әскерінің саны 90 мың жаяу әскер, 120 мың атты әскерге жеткен. Қазақтың Үйсін, Қаңлы мемлекеттері туралы орыс ғалымдары, түркітанушы Сергей Ефимович Малов (1880-1937 жж.), орыс ғалымы, шығыстанушы Василий Владимирович Бартольд (1869-1930 жж.), қазақ ғалымы Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551 жж.) тарихи еңбектер жазған. Бұл тарихи мәліметтер археологтардың қазба жұмыстарынан табылған алтын, қола, қыш заттарымен және олардың бетіне жазылған жазулармен дәлелденген. Мәселен, Есік қаласындағы қорғаннан табылған алтын адам, сол сияқты Атырау облысынан және Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданынан табылған алтын адамдардың бұйымдары, (2006-2007 жылдары), Алматы маңынан табылған көне қала заттары, бұйымдары қазақ ғалымдарына қазақтың тарихы 4000-5000 жылдан бері созылып келе жатқанын дәлелдеп беріп отыр. Кеңестік орыс жазушысы Максим Дмитриевич Зверев (1896-1996 жж.) «Тайна двухэтажного города» («Екі қабатты қала құпиясы») деген еңбегінде, 1979 жылдың өзінде-ақ, Алматының бір мың жылдан астам тарихы бар деп ашық жазған болатын.
VI-VIII ғасырларда бүкіл Қазақстанда феодалдық қарым-қатынас өрістеді. Жетісу, Сырдария, Орталық Қазақстан, Ертіс өңірін, Алтай тауын мекендеген түркі халықтарын Батыс Түркі қағанаты басқарды. Одан соң (VIII ғасырдың аяғында) Түргеш қағанаты биледі. VIII-Х ғасырларда Қарлұқ қағанаты басқарды. Бұл ғасырларда феодалдық мемлекеттер мықтап дамыды. Бұл мемлекеттерде өмір сүрген халықтардың бәрін қыпшақтар деп атады. Бірақ, олар: қазақтар, қарақалпақтар, қырғыздар, өзбектер, түріктер, әзірбайжандар, татарларлар, башқұрттар, түрікмендер, ноғайлар, қарашайлар, балқарлар, т.б. болатын. Феодалдық мемлекеттер өзара қырқыса бастады. Бұл мемлекет тұтастығын бұзды. Мемлекет әлсіреді. Сонда жаулар бас көтерді. ХІІ ғасыр басында Қытай шабуыл жасап, Жетісуды, Самархан, Бұхара, Хиуаға дейін басып алды.
1219-1221 жылдары Шыңғысхан Қазақстанды түгел басып алып, 300 жыл биледі. Шыңғысхан ұрпақтары Алтын орда мемлекетін құрып, көп жыл өмір сүрді. Одан соң Моғолстан патшалығы биледі.
Қазақ халқы үшін ең ауыр, ең қатал соғыс Қалдан Серен бастаған жоңғар хандығының басқыншылығы болды. Ол 100 мың қолмен 1723 жылы көктемде, ел мал төлдетіп бейқам жатқанда шабуыл жасап, орасан қырғын келтірді. Ел көптеп қырылды. Сау қалғандары беті ауған жаққа қаңғып қашты. «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама» аталған тоз-тоз болған заман келді. Жалпы, жоңғарлар Қазақстанға 200 жыл бойы ұдайы шабуыл жасап келген. Осыларға қарсы қазақ халқы Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің басшылығымен жаппай көтеріліп, жоңғарларға жойқын соғыс ашты. Бұл шайқастарда Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сынды батырлар қол бастап, Жоңғар басқыншыларына қирата соққы беріп, қазақ жерінен айдап шықты. Жоңғар басқыншыларының күйреп жеңіліп, біздің жерімізден өлігін сүйрете қашуы 1729 жылы Шапырашты Наурызбай батырдың Қасгэлэңді, одан соң оның ханы Шамалханды жекпе-жекте өлтіруінен басталды. Сол жылы қазақ сарбаздары Кіші жүздің ханы Әбілхайырдың қолбасшылығымен Аңырақайда болған жойқын шайқаста жоңғар әскерлерін күйрете жеңіп, жерімізден қуып шықты. Бірақ, жоңғарлармен соғыс 1758 жылға дейін созылып, сол жылы Абылай ханның басшылығымен болған шайқаста жау біржолата жеңіліп, жеріміз жаудан түгел тазарды. Одан соң жоңғар мемлекетін Қытай басып алды да, Жоңғар мемлекеті мүлде жойылды. 1731 жылы Әбілхайыр хан бастаған Кіші жүз, одан соң Орта жүз, соңынан Ұлы жүз орыс патшалығына бодан болды. Орыс патшайымы Анна Иоановна 1745 жылы Орта жүз бен Ұлы жүзді қабылдаған грамотаға қол қойды. Бірақ, Қазақстанның Ресейге тұтас қосылуы 100 жылдан кейін, яғни, 1845 жылы аяқталды.
Казак-орыстар станицасы. Қазақтардың орыс патшалығының қоластына кіруінің басты себебі, ол шығыстан, оңтүстік пен солтүстіктен төніп тұрған жаулардан құтылу еді. Онымен қоса Ресей империясы да өзінің шекарасының үлкеюін қалады. Сондықтан да патша өкіметі бұл жерлерден жауды тезірек қуып тастауды көздеді. Одан кейін Ресей империясының Қазақстанды отарлау саясаты басталды. Орыстар алдымен қорғаныс мекендерін салып, оларға әскерлерін, қару-жарақтарын орналастырды. Жетісу жерін отарлау Семейден басталды. 1853 жылы орыс-казактар Аягөзден шығып, Есік елді мекеніне келеді. Бұл жерде олар «Надежда» деген бекініс жасамақ болып, жеркепе қазып алып, қыстайды. Бірақ, бұл жерге кеш келіп, жемшөп дайындап ала алмағандықтан, аттары қырылып қалады. 1854 жылғы көктемде тағы бір топ орыс-казактар келіп Алматы елді мекеніне қоныстанады. Олар «Верный» деген қамал салады. Бұл кезде Қаскелеңнің орнында қазақтардың Тайшыбек деген елді мекені болған. Оны Қоқан ханының басқыншылары басып алып, әскери бекініс жасап отырған. Қазақ, орыс болып қоқандарға шабуыл жасап, қуып тастамақ болады, бірақ, ала алмады. 1851 жылы подполковник Карбышевтің экспедициялық отряды келгенде, жергілікті қарулы қазақтардың көмегімен қоқандар қиратыла жеңіліп, Қаскелең жаудан тазартылады. 1858 жылы Қоқан басқыншыларымен шешуші шайқас Ұзынағашта болып, ол ұрысқа генерал Г.А. Колпаковский басшылық етті, жергілікті қаруланған қазақтардың көмегімен қоқандарды жеңіп, қазақ жерінен қуды.
1860 жылы Жетісу губернаторы Густав Христианович Гасфорд екінші бұйрық жазып, Қаскелең, Ұзынағаш, Қастек елді мекендерінде бекініс пункттерін салуға бұйырады. Сол жылы Сібірден Қаскелеңге 6-шы сотня келеді. Барлық әйел, бала-шағасымен 143 түтін, 443 адам келіп қоныстанады. Олардың 582 аты, 268 сиыры болады. Сотняны сотник Круглыхин басқарды. Одан соң Қаскелеңге Сібір және Воронеж губерниясынан жаңадан крепостнойлықтан босатылған крестьяндар келе бастады. Осылай қазақтың байырғы елді мекендері орыс бекінісіне айналып, қазақтар шөлді жерлерге, тауға ығыстырылды.
1861 жылы Қаскелең Жетісу генерал-губернаторы Г.Х. Гасфордтың бұйрығымен «Любовинское» бекінісі деп аталады. Бұл Гасфордтың Софья, Надежда, Любовь атты үш қызының кенжесінің атымен аталған еді. Айта кететін бір жайт, инженер Перемышельский Есікті – Надеждинск, Талғарды – Софийнск, ал Алматыны – Верный бекінісі деп атауды жоспарлаған. (Михаил Дмитриевич Перемышельский Мәскеу университетінде ақын М.Ю. Лермонтовпен бірге оқыған екен, озық инженер болған. Өз заманының білімді адамы генерал Герасим Алексеевич Колпаковскиймен дос болған).
Қаскелеңнің бірінші қоныс аударушыларының жағдайлары туралы жазылған көптеген тарихи архив құжаттары бар. Олардың өмірі өте қиын болған екен. Ұзақ уақыт олардың жерлері болмаған, бір ғана нан мен суда өмір сүрген. Тұрғындардың саны көшіп келушілердің арқасында ғана көбейіп отырған. Ал, туғандар саны өлгендерден әлдеқайда аз еді. Солай бұл өңірде 1883 жылы 996 адам туса, 1093 адам өлген екен. Патша өкіметі ұзақ уақыт қазақтарды бай алқаптардан құмды, қырат жерлерге ығыстырып отырған. Ал, жақсы құнарлы жерлерін тартып алған. Егер 1888 жылы казак әскерлерінің 574088 десятина жері болса, 1903 жылы оның саны 581176 десятинаға жеткен. (Десятина – орыстардың 1,09 гектарға тең жер өлшеуі). Егер өкімет нормасы бойынша бір адамға 30 десятина болса, Любовинск станицасында 1883 жылдың 1 қаңтарына 52 десятина болған. Қазақтар бұл әділетсіздікпен үнемі күрескен, патшаның өзіне де жазған, бірақ, қазақтардың бұл жан айқайын ешбір билік естімеді. Ал, жергілікті билік осы мекеннің тұрғылықты халқының жерін тартып алып, жәбірлегенін тоқтатпаған. Любовинск станицасында халық санының өсуі баяу жүрді. 1880 жылы 997 тұрғын, 1890 жылы – 1102, 1900 – жылы 1498, 1903 жылы 1642 адам болды. Осылай революцияға дейін халық саны мүлде өспеді. Бірақ, бұл көрсеткіштер қазақтарды қоспаған жағдайда еді. Сол кездері қазақтарды ешкім де санамаған екен.
1901 жылы Любовинск станицасына тәуелсіз басқарушылық мәртебесімен қоса, қайта, байырғы атауы – Қаскелең деген ат берілді.
Негізі, Қаскелеңнің келбеті жайында, тарихшылардың сол кездері осында алғаш қоныс аударушылардың айтуы бойынша жазып алынған әңгімелерінен білуге болады. Солардың бірі 1917 жылы Куртуков атайдың сөзінен жазып алынған естеліктерде былай делінеді:
«…1856 жылдың ерте көктемінде, мен әкеммен осында тұрғылықты тұруға көшіп келгенімде 14 жаста едім. Бұл жер өте әдемі, таза, шабындық еді. Айнала жап-жасыл, гүлденген дала және қатты ағысты, шулы, салқын өзеннің сол жағалауында тұрған бірнеше зор ағаштар көрінетін. Елсіз, игерілмеген жер еді, тау етегінің кей жерлерінен қазақтардың киіз үйлері көрінетін. Құрылыстардан бір керуен сарай көрінетін, ал, оған қарама-қарсы осы керуен өтетін бөрене көпір бар еді. Тау етегіне жақын жерде жабайы алма ағаштары, өрік ағаштары, бұталар өсетін. Жабайы аңдар мен әртүрлі құстар өте көп болатын. Әсіресе, бөдене мен қырғауыл көп еді. Атам заманнан бері қазақтар Қаскелеңге жақын бір алқапты Қырғауылды деп атайтын, өйткені, онда қырғауыл өте көп еді. Біз осында келгенде мұнда 20 әскери қызметтегі казактар тұратын саманнан салынған казарма бар еді. Олар барлау қызметін атқарумен қатар, Верный гарнизонымен байланыс қызметін де атқаратын, келіп-кеткен керуендерді де тексеретін. Жақын жерде 5 отбасы тұратын аласа үйлер бар еді. Онда өз отбасыларымен вахмистр (патша уақытындағы жаяу әскердегі атты әскердің фельдфебель дәрежесіне тең унтер-офицер шені) К.М. Тарасов, хатшы-қазынашы Колчин, каптенармус (армияда киім-кешек, азык-түлік т.б. нәрселерді басқарып тұратын қызметкер) Головин, казактар Шабалкин мен Соколов тұратын. Бізбен бірге 20 отбасы қоныс аударды. Олар: ағайынды Малышевтер, Шаламовтар мен Ролдугиндер, Сажендер, Скударновтар, Нехорошевтер, кіші урядник Ананий Бутин және басқалары. Жаңа ауылдың басшылығы Бутинге берілді. Өйткені, ол арамыздағы жалғыз сауатты адам еді…».
Ал, станицаның келбеті жайында тарихшы Н.В. Леденев «История Семиреченского казачьего войска» («Жетісу казак әскерлерінің тарихы») кітабында былай деп жазған: «…Жетісудің станицалары белгілі бір жоспар бойынша салынған. Сондықтан үйлер азды-көпті дұрыс кварталдар болып, орталыққа қарай орналасқан, мұнда шіркеу мен шағын сауда дүкендері бар еді. Қазақ даласында әлі де тыныш болмағандықтан, құрылыс соғу кезінде бытыраңқылықтан аулақ болу керек еді, өйткені, жау шапқан кезде қорғануға қолайсыз болар еді. Казактардың үйлері әдетте екі бөлмелі болып салынса, ауқатты отбасылар үш немесе төрт бөлмелі қылып салатын, төбесін жұқа тақтаймен жабатын, сирек қамыспен немесе сабанмен жабатын…».
Станицаның алғашқы өнеркәсіп мекемесі ұн тартатын су диірмені болатын, оның қожайыны пысық әрі алғыр Милахин еді. Кейін су диірмендерінің саны 17-ге жетті. Осы жылы станицада темірші ұсталар мен ағаш ұсталары пайда болды. 1887 жылға дейін сауда- саттық орталықтары мен дүкендер жоқ еді, тек ауыл ішінде қыдырма саудагерлер жүретін. Станицаның шаруашылық жай-күйі жайында Верныйға 1896 жылы станица атаманының хабарлаған есептерінен білуге болады: станицада 1683 адам тұрады. Оның 928-і еркек, 755-і әйел. Станицада бір шіркеу, бір приход мектебі, бір әскери басқарма, екі нан сақтайтын дүкенге арналған ғимараттар, 13 сүт дүкеншесі, 3 түнеп шығатын үй, бір қоғамдық ішімдік жасайтын мекеме, 5 шәй дүкеншелері бар тұғын. Қаскелеңнің сол кездегі қоғамдық келбеті осындай болған.
Қаскелеңде алғашқы мектеп дербес мекеме түрінде патша армиясының отставкадағы офицері Алексей Егорович Кудриннің жеке қаражатына салынған. 1867 жылы ол өзінің мектебінде балаларға сауаттылықты үйрете бастады. Ал, оған дейін балаларға сауат ашуды урядник Ананий Бутин үйрететін. Кудрин қатал әрі әділ ұстаз болған. Ол балаларға барлық адамдар бірдей, құлдар да, құл иеленушілер де болмау керектігін үйрететін. Сонысы үшін оған еркін ойлаушы, әрі Құдайға тіл тигізуші деген айып тағылды. 1910 жылы Кудриннің мектебі шіркеуге беріліп, шіркеу жанындағы приход мектебі болды. 1913 жылы 2 қыркүйекте жаңа ұстаз болып Павел Михайлович Виноградов келді. Ол Верныйға айдалып келген екен. Ол нағыз бастауыш мектебін ашып, орыс балаларын оқытқан. Сол мектептің жалғасы қазіргі Белинский мектебі. 1924 жылға дейін станицаның 70 пайыз тұрғыны сауатсыз немесе шала сауатты еді. Сол кездері станицада аурухана түгілі бірде-бір медицина қызметкері болмаған, сонымен қатар, клуб, кітапхана және басқа да мәдени ошақтары атауымен жоқ еді. Есесіне 1879 жылы жұрттың күшімен шарап монополиясы, яғни спиртті ішімдікті өндіруге, сатуға арналған кабак болды. Тек 1918 жылы Қаскелеңге фельдшер Потапский келді, ол ауруларды үйінде қабылдайтын.
Қаскелеңнің қазақтары. Ал, енді осы мекеннің тұрғылықты тұрғындары – қазақтардың өмірі қандай болған? Сол жайында сөз қозғайық. Қазақтар да мал бағумен, егіншілікпен айналысқан. Арнайы суармалы жерлерге бидай, тары, сұлы себетін. Жылқы, түйе, ірі қара мал және қойды көптеп өсірумен айналысқан. Соның ішінде қой өсіру қазақтардың дәстүрлі кәсібі еді. Үшқоңыр тауының жайылымдарында малын жаятын. Қыс мезгілінде қоныс аударатын. Бірақ, жермен айналысу үшін отырықшылық тұрмыс қажет еді. Сондықтан ауылдарда үй құрылыстары жүргізіліп, қазақтар сол үйлерде тұруға үйрене бастаған. Бірақ, оған қарамастан қазақтар үй ауласына киіз үй тігіп, сонда тұрғанды ұнататын. Бұл оларға үйреншікті әрі дәстүрлі еді. Сонымен қатар, жаз мезгілінде тас немесе саман үйде тұрғаннан көрі салқын киіз үйлері жақсы еді. Қыста мал қырылып, жұт болған кездер болғандықтан, қазақтар қауымы жазда шөп шабумен айналысып, қыс қамын ойлап, дайындық жасайтын. Болған жұттан көбіне кедей қазақтар азап шеккен. Байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік айырмашылық өте үлкен болғаны соншалық, жоқшылықтан кедейлер өздерінің үйлерін тастап, басқа жерлерге көшіп кететін. Ауылдарда байлардың билігі жүретін. Қазақтардың жақсы жерлері Қаскелең құрылған тұста тартып алынғаны жайында жоғарыда айтылған еді. Жерлер тартып алынғаннан кейін көптеген ауылдар тарап, адамдар жан-жаққа кеткен. Осылай, қазақтардың ауыр жағдайы байлардың озбырлығынан ғана емес, орыс патшалығының отарлық саясатынан да болып еді.
Отаршылардың озбырлығы, қанаушылығы күшейе берді. Халықтың төзімін 1916 жылы орыс патшасы ІІ Николайдың 21 мен 31 жастағы азаматтарды сол кезде жүріп жатқан бірінші дүниежүзілік соғыстың окоп қазу жұмыстарына алу туралы бұйрығы шектен асырып жіберді. Өйткені, жерін орыстар тартып алса, енді азын-аулақ малын тауға, құмға бағып, күн көріп отырған жастарынан айырылса қалай күн көрмек? Осылай төзімі таусылған халық тік көтеріліп, патша жарлығына қарсы тұрды. Бұл көтеріліс тек Жетісуда ғана емес, бүкіл Қазақстанда кең етек алды. Солтүстікте Амангелді, Қарқарада Ұзақ, Үшқоңырда Бекболат сияқты батырлар қол жинап, ұлт-азаттық көтерілісін бастады. Бірақ, күш патша қолында еді. Олардың әскері мен қару-жарағы мол болғандықтан, көтеріліс барлық жерде жеңіліп, мыңдаған адам тұтқындалды. Жүздеген ерлер атылды. Дарға асылды. Үшқоңырдағы көтеріліс 1916 жылғы 11 шілдеде басталып, сол айдың аяғында жеңіліс тапты. Оны бастаған Бекболат Әшекеев (1843-1916 жж.) өз жолдастары – Тамабаев, Бекбатыров, Сыпатаев, Әбдірәшов, Сатқынов, Қасымбековпен бірге 1916 жылы, 9 қыркүйек күні Боралдай жотасында дарға асылды. Жетісу өңірінде бірнеше мың адам қамалды. Олардың 872-і сотталып, 347-і атуға, 168-і каторгіге, 129 адам түрмеде отыруға, 228-і қамап-түзеу бөлімдерінде отыру жазасына кесілді. Бірақ, 1917 жылы ақпан төңкерісі болды да, патша үкіметі құлап, сотталғандар түгел ақталып, босатылды.
(Жалғасы бар.)
Г. АЯНБАЕВ,
Қарасай аудандық тарихи-өлкетану
музейінің қор сақтаушысы.