Ел сенімін ақтап, ұлттық абыройды арттыру жолында еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілердің орны қашанда маңызды. Міндеттерін мінсіз атқаруға күш салып жүрген осы саланың өкілдері кеше кәсіби мерекелерін атап өтті. Айтулы күннің қарсаңында қарасайлық мемлекеттік қызметшілер аудандық Мәдениет үйінде өткен салтанатты шарада бас қосып, құрметке бөленді.
Шара барысында алдымен Қарасай жерінің өркендеуі үшін өмірінің жартысын мемлекеттік қызметке арнаған, ел дамуына үлес қосқан осы саланың ардагерлері ардақталды. Оларға жас буын өкілдері құрмет көрсетіп, арнайы гүл шоқтарын тарту етті.
Салтанатты жиында аудан әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы мереке иелерін арнайы құттықтап, жылы лебізін білдірді. Олардың ел алдында ақтарар қызметі жауапты әрі маңызды екенін айтып, бірқатарына лайықты марапаттарын табыс етті. Сонымен қатар Айжан Нұрділдәқызы Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері арасындағы облыстық пікірсайыс турниріне қатысып, І орын иеленген «Nomads» тобын да құттықтады. Сахна төріне жеңімпаздардың атынан шыққан команданың белді мүшесі, жас маман Жарылқасын Сақтағанға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің Дипломы мен қаржы сертификаты берілді.
Қарасайлық мемлекеттік қызметшілердің марапаттау рәсімінен соң бұл салаға етене араласып жүрген, мәртебелі міндетті атқаруға бел буған жас мамандар кәсіби мереке күнінің аясында ант беріп, өздерін жүктелген міндетті адал атқаруға, елге қызмет етуге сөз берді.
Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған шараның соңында концерттік бағдарлама ұсынылып, мереке иелері үшін әуезді әндер шырқалды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.