23 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметшілер күні аудандық Мәдениет үйінде, аудан әкімі Жандарбек Далабаевтың қатысуымен, аталып өтті. Ізгі тілегін білдіру үшін сахнаға көтерілген Жандарбек Ермекұлы мемлекеттік қызметтің аса жауапты екенін, сондықтан да қашанда мінсіз жұмыс істеу керектігін алға тартып, мереке иелеріне құттықтауын жеткізді. Одан кейін аудан басшысы мемлекеттік қызметтегі үлгілі еңбектері үшін бірнеше қызметкерлерге ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің грамотасын тапсырды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған шараларға қатысқандардың да жүлделерін осы сахна төрінде берді. Атап айтқанда, Алматы облысындағы мемлекеттік қызметшілер арасында өткен «Office olimpics» атты кеңсе олимпиадасында жүлделі болған қарасайлық «Біліктілер» командасын және аудандағы аталған сала мамандарының арасында ұйымдастырылған Ж.Жабаев пен М.Мақатаевтың шығармашылықтарына арналған «Ақынды аңсау» көркемсөз оқу байқауының бас жүлдесін алған Жарылқасын Сақтағанды марапатталды. Мерейлері артқан мемлекеттің қызметшілердің тағы бірқатары аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын иеленді.
Сонымен ресми бөлімнен соң «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблі бұл мерекелік кешке арналған концерттік бағдарламасын әуезді музыкалық композициясымен ашты. Одан кейін ортаға шыққан ансамбльдің дәстүрлі әншілер тобы да бірнеше әсем әнді әуелетіп, құлақ құрышын қандырды. Осылайша «Үшқоңыр» ансамблі майталмандарының әуелете салған әндері мен мың бұрала билеген биші қыздарының көрінісі «жақсы көңіл-күй сыйлайықшы» деген ерекше ықыластарын байқатты. Шараның соңында көрермендердің қызу қошеметі аясында мереке иелеріне зор құрметті білдіретін, ортаға аудан басшысы атынан ықылас гүлі әкелініп, табысталды.
Бұрым ОРЫНБАСАР.