Спорт күніне орай газетіміздің тілшісі аудандық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы С.Қамзановпен әңгімелесіп, бірер сұраққа жауап беруін өтінген еді.
–Серік Сайлауханұлы, қасиетті Қарасай жерінің спорты да дамыған ғой. Осы жөнінде алдымен не айтар едіңіз?
–Егемен елімізде спорт пен дене тәрбиесіне де көп көңіл бөлінетіні белгілі. Өйткені, саламатты өмір салтын берік ұстанып, шынығып, шымырланып өскен адамнан өзіне де, қоғамға да келер пайда мол. Сондықтан да Қазақстан Республикасында бұл маңызды мәселеге мемлекеттік деңгейде мән беріледі. Біздің қазыналы Қарасай ауданында да осыған орай спорттың бұқаралылығын арттыруда, дене шынықтыру ісін өрге бастыруда көптеген жұмыстар атқарылуда, сан түрлі жарыстар, турнирлер тұрақты өткізілуде. Яғни, қарасайлықтардың спорт пен дене тәрбиесіне қызығушылығын жоғары деуге болады. Талай дүбірлі бәсекеде аудан атын шығарып жүрген атақты спортшыларымыз да аз емес.
–Осы орайда қандай жақсы жаңалықтарыңыз бар?
–Айтайын. Аудан орталығы – Қаскелең қаласындағы стадионда салынып жатқан балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің құрылысы аяқталып қалды. Құдай қаласа, оны таяуда, яғни, қыркүйекте салтанатты түрде пайдалануға беретін боламыз. Бұл, әрине, үлкен оқиға! Сонымен қатар, Елбасымыз туып-өскен Шамалған ауылында денешынықтыру, сауықтыру орталығы салынып жатыр. Келешекте оның базасында спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат жұмыс істейді деп отырмыз. Мұнын да, әрине, айтарлықтай мән-маңызы бар. Тағы бір мәселені де тілге тиек ете кетейін. Алдағы кезде Қарасай ауданында кәсіпқой баскетбол клубын құру жоспарда тұр. Сәтін салса, ол күндер де қашық емес дегім келеді
–Енді үстіміздегі жылы көпшілікті қызықтырған кейбір жарыстар жайлы баяндап берсеңіз.
–Жалпы, біз көбіне бөлімнің күнтізбелік жоспарына сай жұмыс істейміз. Сонымен қатар, қазір Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үнемі басшылыққа аламыз. Мәселен, 12-14қаңтарда Алтын ауыл орта мектебінде ұлтымыздың ұлы ұлағасы Д.А.Қонаевтың туғанына 106 жыл толуына орай еркін күрестен оқушылар арасында аудандық ашық турнир өтіп, оған Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарынан, Талдықорған, Алматы қаласынан да жас палуандар қатысты. Сол сияқты осы мектепте болған киокушинкайкан каратэден «Kaskelen Cup–2018» деп аталған ашық чемпионатқа да Қазақстанның алты облысынан 400-ден аса бала бақ сынауға келді. Мұнда қарасайлықтар өте жақсы өнер көрсетті. Бұл ретте Ұлан орта мектебінде жасөспірім қыздар арасында баскетболдан өткен жарысты да атап айтуға болады. Биыл, сонымен қатар, «Аудандақ мектеп лигасы–2018» атты спорттық жарыстар алғаш рет ұйымдастырылды. Оның мақсаты–2016-2019 жылдардағы Қазақстан Республикасында білім берудің және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру . «Мұраға қалған төл ойындар» атты ұлттық спорт ойындары да жоғары деңгейде өтіп, оған қатысушылар қазақ күресі, кір тасын көтеру , қол күрес, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, қошқар көтеруден өзара бәсекеге түсті.
–Дұрыс екен. Биыл Астананың 20 жылдығы аталып өтті ғой. Сол үлкен мерекеге байланысты да жарыстар ұйымдастырылған болар.
–Әрине. Жалпы, біз осы үлкен датаны биылғы жарыстардың барлығының да өне бойынан айқын көрсетуге күш салдық. Мысалы, сәуір айында Шамалған ауылында Астана қаласының 20 жылдығына орай, аудан әкімінің кубогына арналған жарыс болып, ол қала, ауылдық округтер арасында 18 жастан жоғарғы тұрғындар ішінде спорттың 8 түрінен өткізілді. Атап айтсақ, ерлер және әйелдер арасында волейбол, үстел теннисі, шағын футбол, дойбы, шахматтан, ерлер арасында баскетбол және тоғызқұмалақтан. Жарысты басқару аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне жүктелді. Жарыс бағдарламасына сәйкес волейбол (әйелдер), шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ және үстел теннисі Үшқоңыр, шағын футбол Әуезов, баскетбол Қарасай батыр және волейбол (ерлер) Үшқоңыр орта мектептерінде өткізіліп, барлығы 11 команда, 500-ге жуық спортшы қатысты. Жалпы командалық есепте жарыс қорытындысы бойынша: I орынды – Шамалған, II орынды Жаңашамалған, III орынды Райымбек ауылдық округі алды. Жеңімпаздар жекелей грамоталармен, медальдармен және командалық кубоктармен, дипломдармен марапатталды. Сәуір айында тағы да Қаскелең қаласындағы Алтын ауыл мектебінде, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен, қазақ күресінен «Қарасай бөрісі» атты аудандық жарыс өтті. Оның мақсаты «Жетісу бөрісі» облыстық турниріне іріктеу жүргізу еді. Сонымен Қарасай ауданының барлық ауылдық округтерінен жиналған 20 спортшы бір-бірімен белдесіп, жарыстың жүлдегері болуға бар күштерін салды. Жалпы, жарыс нәтижесімен бөлісер болсақ, «Қарасай бөрісі» атағын Жамбыл ауылдық округінің балуаны Төреқұл Асқар алып, Елбасының кіндік қаны тамған Шамалған ауылының спортшысы Шыңғыс Тұрсынхановқа екінші орын бұйырды. Ал, үшінші орынға Елтай ауылының Дәурен Отанбековтай балуаны ие болды. Астана қаласының 20 жылдығына және 1 маусым– Халықаралық балаларды қорғау күніне орай шағын футболдан жасөспірімдер арасында аудандық турнир өткенін де айта кетейік. Биыл сонымен қатар, мемлекеттік қызмет органдарына 20 жыл толуына байланысты «Алға басу» атты қайырымдылық жүгірісі 16 маусымда Ұмтыл ауылдық округінің Жалпақсай ауылының футбол алаңында өткізілді. Қайырымдылық жүгірісіне 200-ге жуық адам қатысты. Сонымен жарыс қыздар арасында бір жарым шақырымға жүгіруден бастау алды. Олардың арасында барлығынан озат болып, мәреге бірінші Әйгерім Жұмағалиева келді. Екінші орынға Ақнұр Қалыбаева табан тіресе, үшінші орынды Лаура Заттіллә қанжығасына байлады. Ал, ұлдар болса екі жарым шақырым қашықтықта бақ сынасып, олардың ішінде Анатолий Колесников жеңіске жетті. Алғашқылардың қатарында Олжас Әблен екінші орын алса, үшінші орын Алтынбек Қалмағамбетовке бұйырды. Барлық жеңімпаздарға мерекелік Алғыс хат пен медальдар табысталып, мерейлерін үстем қылды. Әрине, басқа да көптеген жарыстар ұйымдастырылды ғой. Бірақ, оның бәрін де газет бетінде атап айтып жатудың аса қажеті бола қоймас деп ойлаймын.
–Әңгімеңізге көп рахмет!
Әңгімелескен Берікбай Қадықов.