Бүгіндегі жаһандану заманында кез келген мемлекеттің әлеуетін көрсететін, бәсекеге қабілеттілігін танытатын негізгі көрсеткіштердің бірі – сол елдегі әлеуметтік жағынан және де жұмыспен қамтылған халықтың үлесі. Осы ретте тұрғындардың жағдайын көтеру мақсатында елімізде бүгінде көптеген кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамту сияқты әртүрлі бағыттағы бағдарламалар жасалып, іске асырылуда. Бірақ, өкінішке орай, бүгінде қазақстандықтардың көбі бұл бағдарламаларды немесе оларға қатысу шарттарын білмейді. Осы ретте біз газетімізде жаңа айдар ашып, адамдардың жағдайы үшін жасалған бағдарламалар жайлы толықтай ақпарат беріп отырғанды жөн көрдік.
Осылайша жаңа айдарымыздың алғашқы тақырыбы ретінде бүгінде жұмыссыз жүрген азаматтардың екі қолға бір күрек табуына, өзін-өзі жұмыспен қамтимын деушілердің кәсіп бастауына мол мүмкіндік беріп отырған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілетін қайтарымсыз грант жайлы әңгімелейтін боламыз.
Бағдарлама жайлы айтатын болсақ…
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясындағы қайтарымсыз гранттың берілу мақсаты ел азаматтарының кәсіптік біліктіліктерін арттыра отырып, жұмыс таппай жүргендерге өз кәсіптерін ашуға көмектесуге бағытталған. Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Оны алу үшін міндетті түрде кәсіптік білім алу керек. Өткен жылдың өзінде осы бағдарлама арқылы ауданымыздың 67 тұрғыны 200 АЕК көлемінде грант алып, бүгінде өздерінің істерін дөңгелетіп отыр. Аталмыш жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грантты тұтынушылық мақсаттарға, несие қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне және т.б. жағдайларда қолдануға болмайды.
200 АЕК көлеміндегі грантқа кімдер үміткер бола алады?
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 200 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған немесе «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен және бұдан бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмаған бағдарламаға қатысушылар, оның ішінде жастар, көп балалы және табысы аз отбасылардың мүшелері, еңбек етуге қабілетті мүгедектер, сондай-ақ, қоныс аударушылар мен оралмандар үміткер болып табылады.
Грантты алу жолы
Аталмыш грантты алу үшін азамат алдымен үш айлық арнайы курсты оқуы қажет. Бүгінде бұл курстарды бағдарламаға қатысушылар елімізде орын алған пандемияға байланысты онлайн режиде тапсыруда. Оны тәмамдаған соң өзі ашқысы келетін кәсіптің бизнес-жоспарын құрып, арнайы құралғын комиссия мүшелерінің алдында жобасын ұсынып, оны қорғауы қажет. Егер де комиссия мүшелері Сіздің жобаңызды іске асыруға келісімдерін беріп, оң шешімін шығарса, онда Сізге өз кәсібіңізді бастауға 200 АЕК көлемінде ақшалай қолдау жасалады. Мәселен, Сіз шаштараздың үш айлық курсын тәмамдадыңыз делік. Енді өзіңіздің сән салоныңызды ашып, кәсіп бастауға бекінсеңіз, бизнес-жоспарыңызды дайындаңыз. Комиссия оны қабылдаған жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ұтып алған грантыңызды сән салонына жұмсайсыз.
Грантты алу үшін қайда және қандай құжат тапсыру керек?
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға үміткер бағдарламаға қатысушы (немесе оның нотариат куәландырған сенімхат бойынша өкілі) жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алу үшін тұратын жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді және мынадай құжаттарды ұсынады:
1) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алуға өтініш;
2) жеке басын куәландыратын құжат, ал оралмандар үшін – оралман куәлігі (салыстырып тексеру үшін құжаттың түпнұсқасы ұсынылады);
3) әзірленген бастапқы бизнес-жоспар;
4) кәсіпкердің бағдарлама шеңберінде оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі;
5) кәсіпкердің атынан өтініш беру құқығына сенімхат, сенім білдірілген өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттың (заңды тұлғаның атынан – заңды тұлға куәландырған) көшірмесі;
6) тұратын тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжат (мекенжай анықтамасы немесе ауыл әкімдерінің анықтамасы).
Тағы бір айта кетерлігі, бағдарламаға қатысушы мемлекеттік грантты алған күннен бастап үш ай ішінде оның нысаналы пайдаланылуын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы растайды. Қаражаттың мақсатты пайдаланылуына байланысты жүргізілетін мониторинг барысында грант иегерінің қаражаты мақсатсыз пайдаланылып, басқа бағытта жұмсалғаны анықталса, бағдарлама талаптарына сәйкес ол жөнінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне грант қаражаттарын қайтару бойынша тиісті шешім қабылдау үшін жолданады. Өз кезегінде бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі грант қаражаттарын бюджетке қайтару бойынша тиісті жұмыстар атқаратын болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.