Өткен аптадағы жұма күні Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы болды. Алдымен кеңес төрағасы Жанат Исағұлов күн тәртібімен таныстырып, осы жолы қаралатын мәселелердің мән-маңызын атап өтті.
Мұнан кейін «Денсаулық сақтау саласының халыққа қызмет көрсету деңгейі, медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейі,ана мен бала өлімінің себептері, коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары мен вакцинаны жаппай егу, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету туралы» аудан бас дәрігерінің орынбасары Ақайша Сарина есеп беріп, осы бағытта атқарылған көптеген жұмыс жайында жан-жақты баяндады, аурулардың алдын алуда, емдеу шараларын жақсарту жөнінде бірталай істердің жүзеге асқанын әңгімеледі.
Кеңес мүшелері бұл ретте, әсіресе, ана мен бала өліміне байланысты көп сауал қойып,осы орайдағы жұмыстарға баса назар аударды. Мәселен,Сағат Мәсімақынов қазіргідей медицинаның дамыған кезінде ана мен бала өліміне жол бермеу керектігін атап көрсетті.Сонымен қатар,кейбір цифрларды нақтылап беруді өтінді.
Ақайша Әбдіқадырқызының айтуынша,биылғы жылдың басынан ана өлімі болмаған,бірақ, 39 нәресте шетінеген. Бұл өткен жылғыдан төмен. Негізгі себебі – шала туғандықтан.Үстіміздегі жылы дүниеге келген нәрестелердің 1374-і осындай жағдайда, яғни, салмағы аз болып өмір есігін ашқан
Дегенмен, кеңес мүшелері Мұхтар Байқұлов,Сағат Мәсімақынов, Әмина Абдраманова, Ғалия Аманова және кеңес төрағасы Жанат Исағұлов бұл мәселенің өте өзектілігін, ендеше, ана мен бала өлімін болдырмау үшін бар күш-мүмкіндікті пайдалануды,осы орайда медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру қажеттігін мүдделі әңгіме арқауына айналдырып, бірталай ұсыныс-тілектерін ортаға салды. Сондай-ақ, сөйлеушілер медициналық кадрлардың білім сапасына ерекше көңіл бөлуге, емханаларда сырқаттарды ары-бері жүгіртіп, ұзақ кезек күттіріп сандалтпау керектігіне назар аударды.
Келесі кезекте кеңес мүшелері «Тұрғындар алдында бір жылдық есеп беру кезінде Бірінші май және Шамалған ауылдық округтері әкімдеріне берілген талап-өтініштердің орындалу барысы туралы» округ әкімдері Елдос Мұқатаев пен Ержас Тоқтасыновтың есебін тыңдады.
Елдос Мұқатайұлы округтегі жалпы жағдайды айта келе, көптен жыр болған су мәселесінің шешілгенін, жолдың кезең-кезеңмен жөнделіп жатқанын, кәріз жүйесі проблемасы қолға алынғанын, алайда, Мәдениет үйі жеке адамға өтіп кеткенін, халықтың жаңа дәрігерлік амбулатория сұрап отырғанын жеткізді.Осы орайда Жанат Исағұлов, Сағат Мәсімақынов, Ғалия Аманова, Әмина Абдраманова, Күлжан Дүйсенова өз ой-пікірлерін білдіріп, учаскелік полиция инспекторының сол жерде тұруы тиістігін, Мәдениет үйін мемлекетке қайтару керектігін айтты.
Ержас Тоқтасынов та округтегі көптеген оңды жұмысты баяндап,мұнда тек әлі күнге су мәселесінің өзекті болып тұрғанын, оны шешу үшін нақты істер атқарылып жатқанын, көшелер жарықтандырылып, тротуарлар салыну үстінде екенін әңгімеледі. Бұл ретте Әмина Абдраманова су шаруашылығы колледжінің бұрынғы жатақханасының қазіргі жай-күйі туралы сұраса, Жанат Исағұлов, Сағат Мәсімақынов, Мұхтар Байқұлов, Айжан Балажанова ұсыныстарын жеткізді: жас әкімдерге өз істерін алда да талапқа сай жүргізулеріне тілектерін білдірді.
Отырысты кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы қорытындылап, талқыланған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.