Медициналық мекемелерден шығатын қауіпті қалдықтар заң бойынша арнайы орындарда залалсыздандырылуы керек. Ал заттарды беліленбеген жерге тастау — түрлі жұқпалы аурулардың таралуына әкелуі мүмкін. Жақында жергілікті тұрғын Қаскелең қаласының маңында медициналық қалдықтар шашылып жатыр деп дабыл қағып, бейне-материал жолдаған болатын. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, Алматы-Бішкек тас жолынан қалаға бұрылатын аумақта төгілген шприцтер, инелер, ішінде дәрілері толтырылған шыны құтылар ашық жатыр. Бұл жабдықтар қандай ауруды емдеу кезінде қолданғаны белгісіз болғандықтан, қауіпті болуы мүмкін.
Санитарлық талаптарға сай мұндай медициналық қалдықтар арнайы пештерде өртелуі керек. Осы жағдайға байланысты Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев жауап берді.
– Бұл инелерді қандай ауруларды емдеуде пайдаланғанын елестетудің өзі қорқынышты. Осы жерде қаңғыған иттер жүреді, елді-мекенге де жақын орналасқан. Тұрғындардың денсаулығына зиян келтіруі әбден мүмкін. Мен қоқысқа жауапты мекеменің қызметкерлерін жіберемін. Олар ластанған аумақты толығымен тазалайды. Бірақ мәселе мұнда емес, медициналық ұйымдардың тарапынан жауапкершіліктің төмендігі болып тұр. Олардың қоршаған ортаға немқұрайлы қарауында деп ойлаймын. Қазіргі уақытта Қаскелең қаласында орналасқан 30 дәріхана мен 9 ақылы медициналық орталықтарды тексеріп, қоқыс шығаратын мекемемен келісімшарты бар-жоқтығын анықтайтын боламыз. Кінәлілерді табуға тырысамыз, егер анықталған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады, – деді Асқар Өкенұлы.
Мәселенің көтеріліп, қала әкімінің жауабынан бір сағат өткен соң басталған іс өз нәтижесін беріп, ластанған аумақта тазарту жұмыстары жүргізілді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.