Қарасайлық медицина қызметкерлерінің балаларына ноутбуктер тарту етілді. Елімізде кеңінен етек алған қауіпті дерт – коронавирус инфекциясымен күресу жолында ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерекше екені сөзсіз. Олар карантин уақытында үйлеріне бармай, отбасыларын көрмей науқастардың денсаулығын жақсарту үшін бар күштерін салуда. Тіпті, төтенше жағдай кезінде қашықтан оқып жатқан балаларының сабақтарын бақылауға мүмкіндіктері болмай жатыр. Олардың осы қиын кезеңде қалтқысыз істеп жатқан жұмыстарын ескерген «Әлеуметтік даму қоры» мен Назарбаев Университеті бірлесе демеушілік жасап, 100 медицина қызметкерлерінің балаларына ноутбук алынды. Жүз ноутбуктың он екісі біздің қарасайлық медицна қызметкерлеріне бөлініпті. Жақында сол тізімге енген ақ желеңділерге Қарасай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Марат Ақылбеков пен атлған мекемедегі кәсіподақ басшысы Сәуле Малғараева ноутбуктер табыстады. Шара барысында тек бес қызметкерге ғана үлестірілді. Қалғандары инфекциялық бөлімде жұмыс істейтіндіктен карантиннен кейін беріледі. Аталған отбасылар аудандық орталық аурухана ұсынған мәліметтер негізінде әлеуметтік жағдайына қарай таңдалған. Басым бөлігі жалғызбасты және көп балалы медбикелер мен санитар, фельдшерлер. Сыйлықты алған медицина қызметкерлері демеушілерге ризашылықтарын білдірді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.