Осыдан бір апта бұрын аудан әкімі Жандарбек Далабаев игі істердің басы-қасында жүретін белсенді қарасайлық ерікті Наталья Цыкунованы «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ-ның атқарушы директоры, республикалық волонтерлер Фронт-офисінің басшысы А.Миронюктің атынан Алғыс хатпен марапаттады.
Бүгінде үш баланы өсіріп отырған ауданымыздың тұрғыны Наталья Сергеевна өз еркімен қоғамға пайдасын тигізіп отырған медиа-волонтер. Ол – өзі сияқты өзге еріктілермен бірге балаларының денсаулығы сыр беріп, қиын жағдайға түскен ата-аналарға қолдау көрсетіп жүрген жан. Медиа-волонтер «Nur.kz» сайтымен бірлесіп, ауру балалар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар жайлы әртүрлі ақпарат жариялау арқылы оларға демеушілер тауып, қажетті қаражат жинаумен айналысады. Одан бөлек, қауіпті дертке шалдыққан баланың ата-анасына шет елдердегі дәрігерлермен байланысуға көмектеседі. Бір сөзбен айтқанда, медиа-волонтердің бүгінде атқарып жатқан жұмыстары ауқымды.
Әрине, адамдық қасиетті материалдық құндылықтан да жоғары қойған үлкен жүректі Натальяның игі ісі көңілге қуаныш ұялатады. Өнегелі өмірдің серіппесі болып жүрген ақкөңіл, жақсылыққа жаны құмар жанның жалынды істері қашанда құрметке лайық.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.