Қазақ әуелден «Келіні жақсының керегесі алтын» деп босағадан аттаған аяулы жанның тәрбиесі мен көрген-түйгеніне мән берген. Ғасырлардан келе жатқан осы үрдіс бүгінде өз маңыздылығын жойған жоқ. Осыны негізге алған Шолаққарғалы ауылдық округі әкімдігі жақында Үмбетәлі Кәрібаев музейінің ұйымдастыруымен Үмбетәлі ауылында өтті.
Алдыңғы болып Үмбетәлінің немересі, музей меңгерушісі Әуелбек Ысқақов байқауға келгендерге сәттілік тіледі. Ал, қатысушылардың өнерін «Бөпежан» ақ әжелер ансамблінің мүшелері Кәмшәт Шөшікбаева мен Меңсұлу Мұқашева және зейнеткер Зәбира Оспанбекова бағалады.Байқаудың мақсаты – жас келіндердің өз әулетіндегі дәрежесін арттыру және ата-бабаларымыздың ұмыт қалып бара жатқан кейбір салт-дәстүрлері мен жөн-жоралғыларын қайта жаңғырту. Шараны өткізу арқылы қазақ келіндерінің ежелден инабатты, ибалы болғанын жұртқа насихаттап, халқымыздың ертедегі салт-жоралғыларын, ұлттық тағамдары мен қолөнерін дәріптеу.
Сайыс алты кезеңнен тұрды. «Мен қазақтың келінімін» атты өзін-өзі таныстыру, «Өнерлі келін – өнегелі келін» тақырыбында өз өнерін көрсету, «Шеберлік» деп аталатын кезеңде үй тапсырмасы ретінде берілген өз қолдарынан шыққан тігін бұйымдарын көрсету, сондай-ақ ақын ауылында тұрып және музейінде өткендіктен, Үмбетәлінің бір өлеңін мәнерлеп оқу, ал «Ас мәзірі» кезеңінде қазақ халқының ұлттық тағамдары түрлерін дәріптеу шарттары қойылды. «Бәйге» деп аталатын сында салт-дәстүрлер мен танымал тұлғаларға байланысты сұрақтарға жауап берілді. Ас мәзіріне қатысты сында ұмыт болып қалған еттен, сүттен, дәнді-дақылдардан дайындалатын ұлттық тағамдарды келіндердің қаншалықты білетіндері байқалды. Мәселен, «Қойыртпақ, әсіп, бөкпе, қаттама, іркіт, жаубүйрек, майсөк» деген сияқты көнеден қалған тағам атаулары сұралды. Қазіргі жас ұрпақ өздерінің ата-бабалары кезінде қандай табиғи тағамдарды қолданғанын білсін деген ниетпен осындай сұрақтар таңдалды. Өйткені бүгінде бұларды дастарханнан көрмейтін болғандықтан, жастар біле бермейді. Байырғы кезде ұлы даланың иелері табиғи тағамдар тұтынғандықтан денсаулығы мықты болып өсіп, алып, батыр, ақын, дана болғаны белгілі.
Төрт үміткер көрерменге өнерлерін ұсынып, «Қара жорға» биін билеп, қазақтың салт-дәстүрімен қыз ұзату, баланы бесікке салу көріністерін қойды. Өздері қолдан кестелеп тіккен көрпе-жастық, бөстектерін көрсетті. Күйші Дина Нұрпейісова, халқымыздың батыр қыздары Мәншүк Маметова мен Әлия Молдағұлова, ақын Сара, Үмбетәлі, Нұрила, биші Сара Жиенқұлова жайлы сұрақтарға жауап беріп, келін түсіру, қыз ұзату дәстүрінде айтылатын Тойбастар, Жар-Жар, Беташар, Сыңсу сияқты жырларды қаншалықты білетіндерін танытты. «Қыздарға әсемдік жарасады» кезеңінде қазақ халқының ұлттық киім үлгілерін көрсетті.
Байқау барысында жинаған ең жоғары ұпай санымен бірінші орынды Әсем Бақытжанқызы иеленіп, «Нағыз қазақ келіні-2023» аталымын жеңіп алды. Екінші орынды және «Инабатты келін» номинациясын Нұргүл Бегалықызы иеленсе, Мейрамгүл Сейілхан үшінші орынмен «Өнерлі келін» атанды. Ал төртінші орында «Шебер келін» номинациясымен Айгүл Қожатай марапатталды. Шараны қорытындылаған қазылар алқасы бұл байқауды бұдан үлкен көлемде өткізсе, нұр үстіне нұр боларын айтты.
– Ата-бабаларымыз ұстанған салт-дәстүрді, сол кездегі әжелеріміздің өнегесін, қазақтың жігіттері мен қыздарының қандай тәрбиеде өскенін көрсетіп, насихаттау қажет. Ол үшін «Отбасы», «Қыз бен жігіт», «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны», «Әжелер байқауы» сияқты шаралар көбірек өткізілсе, жастарға үлгі болар еді. Ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу үшін бұл ең алдымен келіндерге керек. Өйткені ана ұлттың болашағын тәрбиелейді. Баласын ұлттық дәстүрде тәрбиелеу әрбір қазақтың парызы дер едім. Соған түрткі болу үшін өткізілген шараның бірі еді. Бұл музейде рухани және ұлттық тәрбие бағытындағы шараларды жиі өткіземіз, – дейді Үмбетәлі музейінің ғылыми қызметкері Аида Әуелбекқызы.
Бұрым ОРЫНБАСАР.