Темір тұлпарды тізгіндеушілер үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының (ХҚКО) қызметі өте маңызды. Әсіресе, мұндай мекеменің саны жағынан артуының автокөліктер қатары көп тіркелген аймақтар үшін тигізер септігі мол. Осындай орталықтардың бірі осы аптада біздің ауданның аумағында, нақты айтқанда, «Алматы – Бішкек» тасжолының 19-шы шақырымында ресми түрде жұмысын бастап, алғаш келушілерге өз қызметтерін ұсынды.
Салтанатты ашылуына аудан әкімі Жандарбек Далабаев пен «Азаматтарға арналған үкімет Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева, сондай-ақ, аталмыш басқарманың өзге де өкілдері қатысып, ХҚКО-ның атқаратын жұмысымен жақынырақ танысты. Бір айта кетерлігі, бұл мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы Алматы облысы бойынша екінші болып бой көтерген мекемелердің бірі. Алғашқысы Талдықорған қаласында орналасқан.
Қазіргі таңда ХҚКО бірқатар білікті мамандарды жұмыспен қамтыса, тұрғындар тарапы орталықтың 16 қызмет түрі бойынша құжаттарын рәсімдей алады. Яғни, келушілер жүргізуші куәлігін алумен қатар, қайта жаңартуға да мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар, автокөліктерін тіркеуден шығарып, қайта тіркей алатынын да айтқымыз келеді. Ғимараттың екінші қабаты жүргізуші куәлігін алам деушілер үшін тест тапсыруға арналған. Ал, одан жақсы нәтиже көрсеткендер, практикалық тұрғыдан сынақтан өтіп, жүргізуші куәлігін ала алады. Күніне орташа есеппен 500 адамдай қабылдай алатын орталық әлі жандану үстінде. Мәселен, алдағы уақытта медициналық бөлме мен автокөлік жүргізуді үйретуге арналған автордром да ашылу жоспарда бар.
Дидар МУХАМАДИЕВ.