Қазақ халқының ішсе – асы, кисе – киімі, мінсе – көлігі, тұтынса – бұйымы, берсе – сыйы, дауласа – құны болған төрт түлік мал – заман қанша жаңарғанымен, әлі де ауыл экономикасының басты тірегінің бірі. Басқа аймақтармен салыстырғанда мал саны көп Жамбыл ауданында тіршілігі төрт түлікпен тығыз байланысқан елді мекендер аз емес.
Мыңғыртып мал өргізген жақсы, әрине. Алайда сол малдан ара-тұра шығын болмай тұрмайтыны тағы белгілі. Сондайда кейбіреулер мал өлексесін ауыл сыртына сүйреп тастай салатын жаман әдет бар. Ауру таралу қаупін туындататын бұлайша бей-жай қараушылық бүгінде мәселеге айналып отыр. Мұндай жағдай, әсіресе, қыс бойы арықтап, әбден кетуі кеткен малдың көктемде, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер көкөзек шағында жиі кездеседі. Мұны Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Қуаныш Назарбеков растады.
Оның айтуынша, мұндай жағдай биылғы жылы ауылдық округтерде мал қорымының қоршауының сыртында, сонымен қатар Сібір жарасы көмінділерінің айналасында орын алыпты. «Биотермиялық шұңқыр» деп аталатын қорымдар мал өлекселерін залалсыздандырып жою үшін салынған. Малының өлгенін иесі ауыл ветеринарына хабарлауы тиіс, өлексе қорымның сыртына емес, ішіне тасталады. Ал сібір жарасы көмінділерінің барлығы биік дуалмен қоршалған, онда «Аса қауіпті Сібір жарасы көміндісі» деген арнайы ескертпе жазбалары бар. Бірақ соған қарамастан маңына мал өлекселерін апарып тастау фактілері анықталған. Осыған тексеру жүргізілгенде сондағы өлген малдың иелері анықталып, оларға заң аясында тиісті шара қолданылды.
Ауданның бас ветеринары: «Сібір жарасы көмінділері бар жерлерде және мал қорымы орналасқан аймақта мал жаюға болмайды, сонымен қатар ол маңды басқа шаруашылық мақсатында да ешқашан пайдалануға болмайды», – дейді. Мал өлекселерін, әсіресе жұқпалы аурудан өлген малды арнайы белгіленген орынға дұрыстап жеткізу және жоюдың қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығын сақтау үшін маңызы зор. Мал өлекселерін биотермиялық шұңқырға тасымалдағанда олардан ешқандай сұйықтық топыраққа, жолға, мал азығына, суға ақпауын мұқият қадағалау керек және өлексеге шыбын қонбауы тиіс, өйткені шыбындар жұқпалы ауру таратушы болып саналады.
– Мал өлекселерін ашық далаға апарып тастауға мүлде болмайды, оған тиым салынған, ол тек қана арнайы салынған мал қорымында жойылуы тиіс. Өлексені арнайы жабдықталған арба, автокөліктермен тасымалдайды. Олардың қорабы жақсы жабылатын, сұйық өтпейтін, түсіруге, тазалауға, залалсыздандыруға ыңғайлы жәшікпен жабдықталады. Мал иесі малының ауырғандығы немесе өлгендігі туралы ауылдық округтегі ветеринария мамандарына хабарлауға міндетті. Бұл талап «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі №339 Заңының 25 бабында қарастырылған. Сондықтан аталған талаптар сақталмаған жағдайда, мал өлекселерінің белгіленбеген жерде тасталуына себеп болған түлік иелеріне де заң аясында шара көрілетін болады, – дейді Қуаныш Байжанұлы.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, аталған заңдылықтың сақталуы – қоршаған орта тазалығының кепілі. Мал-жанымыздың амандығы мен саулығы өзіміздің қолымызда екенін ұмытпайық.
Серік САТЫБАЛДИЕВ.
Жамбыл ауданы.