Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан жауынгер бабалардың ерлігі мен Отан үшін от кешкен батырларға тағзым ету, құрмет көрсету – парызымыз. Сұрапыл соғыстың өрті өшіп, Жеңіс туының желбірегеніне биыл 74 жыл толып отыр.
Айтулы мереке ауданымызда жоғары деңгейде аталып өтіп, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері ардақталды. Алдымен аудан әкімі Жандарбек Далабаев аудан орталығы Қаскелең қаласының орталық алаңында Ұлы Жеңісті сыйлаған ержүрек батырлар мен тыл еңбеккерлерін құттықтап, өз атынан мәңгілік алауға гүл шоғын қойды. Мұндай дәстүрлі рәсімнен кейін ардақты ардагерлерге арнайы ақ дастархан жайылып, ізгі тілектер айтылды. Мерейлі мерекеге арналған салтанатты шараның жалғасы қарасайлықтар көп жиналатын Қаскелең қаласының орталық стадионында жалғасты. Алдымен сол бір зұлмат соғыстың зардабын сипаттайтын көңілге ой саларлық көріністер қойылып, ол мектеп оқушыларының қатысуымен болған саптық шеруге ұласты. «Ұлы Жеңіске – мың тағзым!» атты осы мерекелік шара барысында аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы барша қарасайлықтарды Ұлы Жеңіс күнінің 74 жылдығымен құттықтап, аудан ардагерлері жайлы ойын да бөлісе кетті.
– Баршаңызды 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазір ауданымызда 12 Ұлы Отан соғысының ардагері, 45 ардагерлердің жесірлері, 908 тыл еңбеккерлері өмір кешуде. Майданда шыныққан батырларымызға, қазыналы қарттарымызға тұрмыстық-әлеуметтік, медициналық көмек көрсетіліп, қалыпты жағдай туғызу жолында ауданда жүйелі шаралар жүзеге асырылуда, – деді аудан басшысы Жандарбек Далабаев.
Мерекелік бағдарлама аясында патриоттық, рухты әндер шырқалып қана қоймай, бүлдіршіндердің қатысуымен түрл әсем билер де ортаға салынды. Ал, орталық стадион айналасында арнайы ойын алаңы ұйымдастырылып, жас балалардың көңілі қуанышқа толы болды. Осындай бейбітшілік пен тыныштықты тарту еткен батыр бабалардың ерлігіне әрқашан бас иеміз. Ұлы Жеңістің 74 жылы баршаңызға құтты болсын!
Дидар МУХАМАДИЕВ.