Өкінішке орай, осыдан 73 жыл бұрын болған қан майданда кеудесін отқа тосқан қаһармандардың қатары жыл сайын азайып келеді. Бүгінгі таңда ауданымызда бар жоғы 17 ардагеріміз ғана қалды. Олардың көпшілігі өздігінен қозғала алмайтын жасқа келгендер. Біз – жас ұрпақ көнекөз қарияларымызды атаулы мейрамдарда құттықтап қана қоймай, үнемі оларға құрмет көрсету басты парызымыз санауымыз керек. Өйткені, бүгілген беліне демеу көрсетер шақта біздің ізгі ілтипатымыз олар үшін өте маңызды.
Осыны ескерген аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева, Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев және аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сайлаубек Қыдырәлиев Ұлы Отан соғыс ардагері, 93 жасар Сақина Үскенбаеваның үйінде осы аптаның сәрсенбісінде қонақта болды. Олар майдангер қарияға жылы лебіздерін білдіріп, азық-түлік салынған себетті тапсырды.
Сақина Ғабдурауыпқызы біздің ауданымыздың 2012 жылдан бері қарай тұрғыны болып келеді. Өткен ғасырдың қиын-қыстау кезеңін басынан өткерген батыл әйелдің бойынан әлі күнге дейін қажыр-қайраты қайтпағаны байқалады.
Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қанша алғыс айтылса да, көп болмасы анық. Әрқашанда олардың ерліктері, батырлықтары, неміс фашистерімен бетпе-бет келіп тайсалмай шайқас күндерді бастан өткізіп, бізге бейбіт өмірді сүруді сыйлаған жандардың игілікті істері жастарға үлгі болып қала бермек.
Бұрым ОРЫНБАСАР.