Биыл саң мыңдаған адамдарға қуаныш пен жарқын болашаққа үміт сыйлаған Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Уақыт өткен сайын сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары алыстап барады. Десек те, Отан үшін от кешіп, кеудесін оққа тосқан бабаларымыздың ерен ерліктері ұмытылмайды. Қазірде ауданда сол бір сұрапыл соғысқа қатысып, елімізде азаттықтың ақ таңы атуы үшін қасықтай қаны мен жұдырықтай жүрегін қиып беруге дайын болған санаулы ғана ардагерлеріміз қалды. Солардың қатарында Жандосов ауылында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Шәріпбай Ұранбеков те бар. Бүгінде бұл батыр атамыз 96-ға келгелі отыр.
Біздің кейіпкеріміз, қарт майдангер Шәріпбай Ұранбеков 1924 жылы 15 маусымда ақбас Алатаудың баурайында орналасқан Қарасай ауданындағы (бұрынғы Қаскелең) Ораз Жандосов (бұрынғы Ворошилов) ауылында дүниеге келген екен. 10 жасында осы ауылдағы білім ошағының есігін ашып, оқуының соңғы жылдарын Қаскелең қаласындағы мектеп-интернатта өткізген. Шәріпбай атамыз тек соғыстың ғана қасіретін емес, сондай-ақ, қазақ халқы ешқашан ұмытпайтын аштық жылдардың да азабын көрген. Ел басына күн туған қиын-қыстау, ашаршылық және зорлық-зобалаң кезеңдерде туған халқы үшін талай пайдалы істерді жүзеге асыра алатын мыңдағын адам құрбандыққа шалынды. Бұл зардап Шәріпбай атамыздың отбасына да ауыр тиген. Қарт жауынгер балалық шақтың бал дәмін дұрыстап татпағанын күрсініспен еске алды.
– Аштық жылдары менің ешқашан да есімнен кетп ейді. Бұл кездері 8-де ғана едім. Онда мен тек аштықтың дәмін татып қана қоймай, сондай-ақ, әкемнен де айырылдым. Анам жесір, мен жетім болып, тіпті, әкемнің қабірі қайда екен де білмей қалдым. Бұл менің жүрегімді жаралаған ауыр жара болды, – дейді қария.
Кейіннен өсе келе қасындағы екі досымен үш бала болып әскери дайындық курсына бару үшін Ташкент қаласына аттанған екен. Бірақ та, орыс тілін білмегендіктен біздің кейіпкерімізді оқуға алмай, ол еліне оралған. Ал, 1941 жылы соғыс басталып, 18 жасында әскер қатарына қосылып, Кемерево облысы, Акжарко қаласының жұмысшы батальонында болады. Сол жерде жүріп, өз еркімен соғысқа баруға өтініш беріп, майданға аттанады.
– 1941 жылы жасым 18-ге толғаннан кейін әскерге шақырылып, біраз уақыт Кемерево облысында жұмысшы батальонында еңбек еттім. Ол жерде өте қиын болды, ауа райының өзі қолайсыз, суық минус 50 градусқа дейін баратын. Сол жерде жұмыс жасап жүріп, қасымдағы жігіттермен бізді майданға алу туралы өтініш қағаз жазып жібердік. Бір-екі күннен кейін «годен» деген қағаз келді. Содан кейін майданға аттанып, 1943 жылдың мамыр айында Белоруссия майданы 402-ударный армияның 12/122 калибрлі Артиллерия полкының қатарына қосылдым. Ол жерде связной болып, алдыңғы шепте жүріп, күнімен, түнімен жаудың келгенін бақылап жататынмын, – дейді Шәріпбай ата.
Алдыңғы қатарда жүріп, 1944 жылы қиян-кескі шайқастың бірінде оң қолынан ауыр жараланады. Мұнан кейін Грузияның Тбилиси қаласындағы госпитальда 8 ай емделіп, сол жерден екінші топ мүгедегі ретінде елге оралады. Жарасына қарамай соғысқа қатысамын деп екінші рет өтініш берген, бірақ та, жараланғандықтан үйіне қайтарылған.
Елге оралған соң өмірлік жары, құдай қосқан Күлжахан апамызбен отау құрып, 1944-1984 жылдары әртүрлі қызметтерде жұмыс істеп, еңбек майданында жүріп зейнеткерлікке шығады. Өкінішке орай, дәл осы жылы Шәріпбай атаның аяулы анасы дүние салады.
Оның соғыстағы ерлігі мен ержүректігі, ел алдындағы адал еңбегі бағаланып ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, сондай-ақ, мерейтойлық медальдар мен Құрмет грамоталарымен марапатталған. Бүгінде Шәріпбай қария 3 баласынан тараған 4 немересі мен 3 шөбересінің қызығына тоймай ғұмыр кешуде.
– Иә, мына жалған дүниеде бәрі де өтеді, жақсы да, жаман да. Алайда, өткен өмір ізсіз қалмақ емес. Кімде-кімнің де артында адамдық болмысына, атқарған еңбегіне лайық жаңғырық қалады. Ұзақ өміріңнен жеткен естелігінді кейінгілер ардақ тұта құлақ түрсе, тірлігіңнің бекер өтпегені. Аллаға шүкір! Біз, қазақ, қазір Тәуелсіздік тұғырына екпіндей көтерілдік. Төбемізде көк аспан, желбіреген Көк ту! Жер шарына үніміз жетіп, еңселі жұртқа айналдық. Сондықтан да менің келешек ұрпаққа айтарым, көптеген қиындықтан өткен елімізді, сондай-ақ, ата-бабалардың жасаған ерліктерін ұмытпай, әрі қарай жалғастырыңдар. Көк туы әрдайым желбіреп тұратын бейбіт те ынтымақты еліміз жасай берсін! – деді ардақты қария сөз соңында.
Шәріпбай Ұранбеков – өмірде тек тазалықты, әділдікті ту етті. Табиғатты аялап, отырған жерін бауға айналдырды. Еліне, халқына қызмет жасады. Соғыстан аман оралып, ұрпақ өсірді. Қандай қиыншылық болса да алдыңғы шептен көріне білді. Иә, осындай батыр аталарымыздың өмір жолы өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, Отанды сүюге тәрбиелеуде өнеге болары сөзсіз. Жеңісті жақындатқан жауынгер аталарымыздың есімі ұрпақ жадында мәңгілікке сақталады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.