Атап айтқанда, ағымды жылдың екінші қыркүйегінде жарияланған Мемлекет басшысының еліне арнаған алғашқы Жолдауы адамдардың үлкен қолдауына ие болғаны белгілі. Осы орайда оны насихаттау жұмыстары біздін ауданымызда да кеңінен жүргізілуде.
Сейсенбі күні аудан орталығы – Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев бастаған қалалық ақпараттық-насихаттық топ Абай атындағы орта-мектеп гимназиясында қала активімен кездесті.
Жиналысқа қала тұрғындары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері және бірқатар білім ордаларының ұжымдары қатысты. Алдымен жиналғандар алдына шыққан топтың жетекшісі Асқар Өкенұлы Президенттің алғашқы Жолдауындағы әр бағытқа жан-жақты тоқталып, оның мән-мағынасы, елге берері мен соған орай тапсырмалардың іске асуы, соның ішінде жергілікті биліктің атқарар жұмысы турасында ойын жеткізіп, билік пен халық арасындағы ашық диалогты орнату бүгінде ең маңызды мәселелердің бірі екеніне тоқталды.
Мұнан кейін сөз алған ақпараттық-насихат тобының мүшесі, қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Несіпбала Әбділдаева тұрақтылық пен өркендеуді негізге алған Жолдауда тұрғын үй, зейнетақы, агроөнеркәсіптік кешен, экология мәселелері сияқты халық көңілінен шыққан көптеген мәселелердің көтерілуін сөз етіп, Президенттің әлеуметтік жағдайға баса назар аударғанына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар, В.Белинский атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гульзира Бапышева да осы Жолдауда айтылған білім беру саласындағы жаңалықтармен бөлісіп, оқулықтардың сапасы, ауыл мен қала мектептерінің алшақтығы және дарынды ауыл жастарын отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау, білім сапасына мән беру жөнінде Мемлекет басшысы тиісті тапсырмалар бергеніне тоқталып өтті. Сондай-ақ, ұстаздардың жалақысы төрт жылда екі есе көтерілетінін жеткізіп, жас мамандарға қолдау білдіру мақсатында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының ауқымы кеңейе түскенін де әңгімеледі.
Соңынан барлық қатысушылар Жолдауды бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.