Сәрсенбі күні ауданымызға жұмыс сапармен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Данияр Қасқарауов арнайы келіп, тұрғындармен жүздесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады.
Халық қалаулысының тұрғындармен кездесуі алдымен Шамалған ауылдық округінде орналасқан «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында өтті. Оның барысында шамалғандықтардың тарапынан біраз уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан «Сигма-газ» ЖШС-нің жұмысын дұрыс атқармауы, ауыз су тапшылығы, интернеттің істемеуі сияқты мәселелер көтерілді.
Тұрғындарды тыңдаған депутат газға қатысты жағдайды білетіндігін және ол бойынша атқарылып жатқан жұмыстар оның назарында екенін айтып, өзгерістер болып жатса тұрғындарды хабардар ететіндігін жеткізді. Су мәселесі бойынша жиынға қатысқан «Ж-Қаскелең» ЖШС-нің директоры Жеңіс Бектасов жауап беріп, ауыз судың тапшылығы келесі жылы іске қосылатын «Қаскелең су топтамасы» жобасы арқасында шешімін табатынын түсіндірді. Ал интернет бойынша жергілікті әкімдіктің өкілі желілердегі келеңсіздіктер шешілгендігін, бұған қоса бүгінде Tele2, Activ операторларымен келіссөздер жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді.
Бұған қоса, кездесу барысында Қарасай батыр мектебінің мұғалімдері 700 орынға арналған білім ордасында бүгінде 1900-ға жуық бала оқып жатқандығын түсіндіріп, қосымша жапсаржай немесе жаңа мектептің қажеттілігін айтты. Бұл мәселе бойынша аудан әкімінің орынбасары Рустам Атчабаров жауап берді. Айтуынша, 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ауданымызда 10 мектеп салу жоспарланған. Осы білім мекемелерінің жұмыстары аяқталғаннан кейін аудандағы үшауысымды білім алу мәселесі шешілетін болады.
Бұдан бөлек кездесу барысында қоғамдық көліктердің қажеттілігі, жолдың жоқтығы, қоқыс көптігі сияқты өзге де мәселелер көтерілді. Депутат Данияр Қасқарауов бұл айтылғандардың барлығы ескерілетінін және өз бақылауында ұстайтынын айтты.
Мұнан кейін мәжіліс депутаты ауданның орталық кітапханасында мәдениет, спорт, музей және кітапхана қызметкерлерімен кездесіп, олардың өз салаларыа қатысты мәселелерін, ұсыныстарын тыңдады.
Жалпы екі кездесудің соңында ауданға арнайы іссапармен келген Данияр Алдабергенұлы көтерілген мәселелердің барлығын да назарға алып, олардың шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.