Өткен аптада Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Талғат Байеділов Іле ауданына арнайы келіп, облыстық басқарма басшыларымен, облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен, Боралдай кенті және ауылдық округ әкімдерімен кездесті. Жиын барысында ауданда әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы мен өзге де өзекті мәселелер, алдағы уақытта жоспарланған жобаларға, аудан көлеміндегі құрылыс нысандарына мониторинг жүргізу тақырыбы сөз болды.
Алдымен Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Талғат Ескендірұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған Жолдауының басты бағыттарына тоқталды. Ол өз сөзінде әр деңгейдегі депутаттардың көптеген заң жобасына бастамашылдық етіп, өзекті мәселелерді көтере бастағандарына ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ Талғат Ескендірұлы Мемлекет басшысының жақында Алматы облысына келген іссапары барысындағы бірнеше маңызды тұстары жайлы айтты.
– Алдағы уақытта осы іссапар барысында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында сіздермен бірге ел мүддесіне бағытталған болашағы зор жобаларға басымдық бере отырып, мемлекетіміздің экономикасын одан әрі дамытуға, халқымыздың әлеуеті мен мәдениетін көтеруге, ынтымақтастық пен бірлікті арттыруға жұмыс істеуге шақырамын. Құрметті әріптестер, Іле ауданы тек Алматы облысының ғана емес, Республика аумағындағы әлеуметтік-экономикалық жағынан ең ірі өнеркәсіпті аудан екені бәрімізге мәлім облыс бюджетіне түскен түсімдердің 56% Іле ауданына тиесілі. Бұл Алматы облысының дамуына ауқымды үлес қосу деп есептеймін. Бүгін осы мәселелерді бірлесіп талқылау мақсатында сіздермен бас қосып отырмыз, – деді Алматы облыстық мәслихатының төрағасы.
Төраға сөз арасында ауыл шаруашылығы мен ауыл-аймақтарды дамыту жұмыстарын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, Іле ауданында іске асырылып жатқан шаралар өте көп болғанымен, шешімін таппаған мәселелер де аз емес.
– Инфляция өскен сайын, халықтың нақты табысы құнсызданып жатқаны да ешкімге жасырын емес. Сондықтан азаматтардың әл-ауқатын көтеру қазіргі мәселелердің ең өзектілерінің бірі болып отыр. Іле ауданында іске асырылып жатқан шаралар өте көп, шешімін таппаған мәселелер де аз емес. Бүгінгі таңда облыстық және аудандық мәслихаттар арасындағы жұмыс жандандырылуы тиіс. Жалпы мәслихаттар өңірлердің мүддесін қорғайтын өкілетті орган болып есептеледі. Маңызды экономикалық және әлеуметтік процестер негізінен аудандардан басталады. Аудандарды кешенді түрде дамытпай, облысты жаңа деңгейге көтеру мүмкін емес. Сондықтан мәслихат үшін аудан, қаланы өркендету ісіне үлес қосу негізгі міндетке айналып отыр. Осы мақсаттарды іске асыру жолында біз өздеріңізбен – аудан-қалалық мәслихаттар тығыз жұмыс істейтін боламыз, – деп ойын жеткізді Талғат Ескендірұлы. Одан бөлек төраға тарапынан мәслихаттың 5 бағыты бойынша жұмысы түсіндірілді. Осыған байланысты нақты тапсырмалар берілді.
Жиыннан соң облыстық мәслихат төрағасы Т.Байеділов басқарма басшыларымен бірге Іле ауданының Жаңаталап ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысымен және ҮАААЖ жол пайдалану учаскесі әкімшілігінің жұмыс барысымен танысты.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Суреттер ile-tany.kz сайтынан алынды.
Іле ауданы.