Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай Мәскеуде Қызыл алаңда өткен әскери парадқа қатысып, «Белгісіз солдат» қабіріне гүл шоғын қойды.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің бастамасымен мемлекеттер басшылары және үкіметтер жетекшілері деңгейінде өткен салтанатты іс-шараға Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Молдова Президенті Игорь Додон, Сербия Президенті Александр Вучич, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, сербтерден Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы Милорад Додик, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Салтанатты шеруде 13 мыңнан астам әскери қызметші, 216 әскери техника және әртүрлі 75 әскери ұшу аппараты сап түзеді. Қызыл алаңнан 53 жаяу әскер колоннасы, ТМД елдері және басқа да шет мемлекеттердің қарулы күштерінен құралған 13 топ салтанатты түрде сап құрап өтті.
Қызыл алаңда әскери шеруге жиналғандардың алдында Ресейдің Жоғарғы бас қолбасшысы әрі президенті Владимир Путин сөз сөйледі.
Шеруге Әзербайжан, Армения, Беларусь, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Молдова, Моңғолия, Сербия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан сынды 13 мемлекеттің әскери қызметкерлері қатысты. Аталған шараға Қазақстан Республикасының атынан десанттық шабуылдаушы әскери бөлімінің 55 сарбазы барды. Салтанатты сапты бригада командирі, подполковник Ұлан Нұрғазиев бастап өтті. Мінберде отырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық әскерилерге орнынан тұрып құрмет көрсетті.
(«Egemen Qazaqstan» газетінен ықшамдалып алынды)