Кеше, облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Алакөл-Қамқор» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, Қаскелең қаласындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясында жақсы бір кездесу өткізілді. Аталмыш отырыста осы жылдың мемлекетттік әлеуметтік тапсырысын іске асыру міндеттері жайында сөз қозғалды. Оның ішінде «Елбасы Жолдауларының басым бағыттары мен «Мәңгілік Ел» идеясын ілгерілету мақсатында ақпараттық кампанияны ұйымдастыру және өткізу» атты лот аясында әңгіме өрбіді.
Жиынды облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жаныс Сапарғалиев жүргізіп отырды. Кездесуге келген білікті мамандардың қатарында ҚР Ұлттық ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев және ҚР Ұлттық Банкінің Алматы облыстық филиалының бөлім басшысы Бағлан Диханчинов болды. Мамандардың айтқан ақпараттары мен мағлұматтарын тыңдап, белсенділіктерін таныту үшін ауыл әкімдері, мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен жастар да келді.
Алғашқы сөз кезегі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Берекет Бақытжанұлына берілді. Тарих маманы ретінде ол Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясының маңыздылығы мен мақсатын өз ойымен жеткізді.
– Біз экономикалық және рухани дамудың жолында аянбай еңбек етсек, дамыған елдердің көшінен қалмаймыз.Президентіміздің бағыт-бағдарымен тынбай жұмыс істеп, оны жүзеге асыра білсек, міне, сонда біз мәңгілік ел болуға жетеміз, – деді тарих ғылымдарының докторы.
Және де Берекет Кәрібаев сөз соңында Ілияс Есенберлиннің мына бір керемет сөзін негізге алды: «Ағаш неғұрлым биіктеп өскен сайын, тамырын соғұрлым тереңге жаяды». Сол сияқты біз де алып теректей биіктеп өсіп, ғұмыры ұзақ елге айналуымыз керек! – деп өз сөзін аяқтады.
Ал, Ұлттық Банктің облысымыздағы филиалының өкілі Бағлан Мұраталдыұлы мемлекет басшысының «7-20-25» бағдарламасы бойынша ауқымды ақпаратымен бөлісті. Бөлім басшысы жиналғандардың назарына ұсынылған арнайы дайындалған слайд арқылы осы бастаманың механизмдерін де түсіндірді. Одан бөлек, оның артықшылығы мен шарттарын, төрт кезең бойынша жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарапайым сөзбен жеткізе білді. Қолжетімді баспанаға қатысты келушілердің атынан бірнеше сауалдар да қойылып жатты. Мысалға, қала тұрғыны «7-20-25» ипотекалық бағдарлама бойынша өтініш беріп, онысы банк шарттарына байланысты кері қайтарылған. Осы түсініксіз тұстарға банк өкілі жан-жақты жауап беріп, әрі олардың оңды шешімін де айтып өтті. Сонымен қатар, келгендер арасынан тағы да басқа сұрақтар қойылып жатты. Оған ҚР Ұлттық Банкінің облыстық бөлім басшысы жиын соңынан жеке жолығуын өтінді.
Осылайша кездесуге келген білікті мамандардың Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы бойынша ауданымызда болып, ой бөлісуінің пайдасы мол болды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.
Суреттерді түсірген Е. ӘЛИАСҚАРОВ.