Кеше «Nur Otan» партиясы Қарасай аудандық филиалының ғимаратында фракция депутаттары аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандармен және жастармен кездесті.
Фракция депутаттарының қатарында мәслихат депутаттары: «Таусамалы-қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры, фракция жетекшісі Бауыржан Айнабеков, аудандық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы, аудандық «Заман жаршысы» газетінің редакторы Атлана Исаева және «Баян Ауыл –Мотор ТД» ЖШС-нің директоры Жанна Жазықбаева бар. Олар жиынға қатысып отырған мүгедектер мен жастардың қордаланған мәселелерін тыңдап, талқыға салды.
Қазіргі таңда ауданда жеті мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жандардың бір мыңнан астамы қоғамдық бірлестіктердің мүшелері. Солардың бірі – «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының жетекшісі Тәжіғали Ходжамұратов бірқатар ұсыныстарын атап өтті. Мәселен, аталған федерацияның мүшелері спортпен тұрақты шұғылданып, түрлі бағыт бойынша жарыстарға да қатысып жүр. Бірақ, қазір оларға жаттығу залына және жарыстарға қатынау үшін арнайы жабдықталған микроавтобустың қажет екендігін айтты. Сонымен қатар, жекеменшік мекемелердің ғимараттарының басым көпшілігінде арбаға таңылған азаматтарға емін-еркін қозғалуын қамтамасыз ететін пандустардың жоқтығы, бар болса да стандартқа сай келмейтіндігі алаңдататындығын жеткізді. Оған қоса, мүмкіндігі шектеулі жандардың бейіміне қарай жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі де жиын барысында әңгіме арқауына айналды. Жастар тарапынан көтерілген мәселелер де қозғалды. Басқосу соңында депутаттар барлық өтініштер мен ұсыныстар назарға алынғанын айтып, қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.