21 мамыр – еліміздегі Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі үшін ең маңыздысы мәдениет саласы екені мәлім. Құлақтан кіріп, бойды алар тәтті әуен мен күмбірлеген күй, әуезді әуенмен үйлесім тапқан ырғақты би, рухани байлық сыйлайтын театр, кітапхана – бәрі де осы мәдениет ұғымы аясында бірігіп, елге қызмет етіп келеді. Қазақылығы бұзылмаған біздің ауданның мәдени саласы бүгінде облыстың алды болып, руханияттың үлгісіне айналып отырғаны мәлім. Осы орайда атаулы мереке қарсаңында ауданымызда өтетін түрлі деңгейдегі шараларды жіті қадағалайтын, осы саланың өсіп-өркендеуіне, дамуына тікелей жауапты аудандық ішкі саясат, мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова өткізілген іс-шаралары жайлы ақпарат беріп, алдағы жоспарларымен бөліскен еді.
Қарасай ауданы – құт дарыған, ғасырларға жол тартқан тарихы бар құтты қоныс, қасиетті мекен. Күн сайын экономикасы өсіп келе жатқан бұл ауданның мәдени өмірі де бұқара халықпен тығыз байланысты. Ауданда алты Мәдениет үй, 13 кітапхана, төрт музей және бір архив бар. Жалпы осы салада 210 маман жүйелі жұмыс атқаруда. Мәдениет те қоғаммен бірге дамып, өзгеріп, жаңа деңгейге көтерілуде. Осы мақсатта халыққа қызмет етіп келе жатқан аудан өнерпаздары ізденістерін жалғастыру үстінде. Мемлекеттік мерекелерді қашанда биік деңгейде өткізетін олар биылғы жылы да халық сұраныстарында ерекшелігі бар мәдени шаралар өткізуді алға мақсат етіп отыр. Осы уақытқа дейін Е.Жақыпбековтың шығармашылығына арналған «Жетісудың желмаясы» атты жыр мүшайрасын, Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай патриоттық әдеби кеш, «Қарасай жастар» театрының 5 жылдығына орай Алматы облысы «Халық театрлары» арасында «Алтын қазық» атты мерекелік фестивалі мен басқа шаралар жоғары деңгейде өткізді.
Жалпы, осы жыл өнер ұжымдары үшін өте жемісті әрі жеңісті жыл болды. Облыстық «Ауылым – алтын бесігім» атты байқауында бас жүлдесін Шамалған ауылдық Мәдениет үйі жеңіп алды. Сондай-ақ, қарасайлық өнерпаздар Талдықорған қаласында өткен XX «Жетісу жұлдыздары — 2022» облыстық балалар шығармашылығы байқауында аудан мәртебесін көтеріп ауылдық және аудандық тартысты бәйгеде топ жарған 11 өнерпаз, 2 би тобы қатысып жүлделі орындарды иеленді. Бүгінде аудан бойынша 65 өнер үйірмесі қызмет көрсетеді. Олар «Ақындар» және «Жыр-терме» мектебі, «Шаттық» би үлкен, кіші тобы, «Замандастар» ВИА, сахна тілі, көркемсөз оқу, «Қалбибі өнер студиясы» вокал үйірмесі, дәстүрлі ән, тоғыз құмалақ және т.б. үйірмелері десек, осы өнерпаздар республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың жеңімпаздары атанды. Алдағы уақытта Қарасай батырдың 425 жылдығына орай республикалық ақындар айтысын, дәстүрлі түрде өтетін облыстық «Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық Мәдениет үйлері арасында өтетін байқауға дайындалу үстінде. Жаздың алғашқы күні облыстық «Балауса» жас таланттар жарысына қатысатын үміткерлер іріктеу өтеді.
Әрине, өңіріміз өнер мен мәдениеттің ордасы екені белгілі. Оның бір айқын дәлелі ауданымызда өзінің «Қарасай жастар» атты театры мен «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблі бар. Театрдың ашылу кезеңіне көз жүгіртсек, театр 2018 жылы ақпан айында Қарасай аудандық Мәдениет үйінің жанынан «Қарасай жастары» театры болып құрылып, өз жұмыстарын бастаған болатын. Ал, 2020 жылы «Қарасай жастары» театры да, халықтық атауына лайықты деп танылу үшін қойылым қойып, театр қызметкерлері үшін штатты қорғап алған. Бүгінде олардың қоржынында Жабал Ерғалиевтің «Жан шырылы», «Бейтаныс таныстар» моноспектаклі, Бақыт Беделханның «9 грамм» атты интеллектуалды-поэтикалық және тағы басқа да қойылымдар бар. 2021 жылы «Халықтық» және «Жаңадан құрылған театрлар» арасындағы облыстық фестивальде бас жүлдені иеленген. Биыл бұл аталған театрға 5 жыл толып отыр. Театрдың жоспарында көрермен назарына комедиялық жанрда туынды ұсыну жолында дайындық жұмыстары жүргізілуде. «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі 42 штаттық бірлікпен құрылды. Ансамбльдің барлық мүшелері облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары екені белгілі. Аудандағы барлық іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысуымен қатар, ұжымның жекелей өнерпаздары өз шығармашылықтарын дамытуда. 2020-2021 жылдары ансамбльдің әнші-биші, күйшілерінің жеті бейнебаяны түсіріліп, халық назарына ұсынылды. Ансамбльдің өткен жылы 5 жылдық мерейтойына орай, кітап және авторлық альбомы жарық көрді. Бүгінгі таңда өнер ұжымының репертуарында 100-ден аса ән, 50-ден аса күй, сегіз би бар.
2023 жылы Әйтей, Жандосов және Жібек жолы ауылдарында мәдениет үйлерінің салу үшін облыстық экономика басқармасына бюджеттік тапсырыс берілді.
Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан күтеріміз көп. Мәдениет халықтың ой-өрісінің өсуіне қызмет етуі үшін, ең алдымен, оның нысандары талапқа сай болуы, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуі, ақыр соңында ақ отаудай жұтынып тұруы керек. Сонда ғана халыққа жасаған мәдени жұмыстардың нәтижесі көрінеді. Бұдан өзге жас таланттарды тауып, оларға өнерде жолға қойылып келеді.
Осы ретте ауданымыздағы барлық мәдениет және өнер қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймыз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.