Айтыс ақыны, абыз жырау, әрі жауынгер жыршы Жамбыл – биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушының бірі. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдіске жаңа мазмұн дарытты. Биыл Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған түрлі шаралар еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылуда. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген дүлдүл ақынының мерейтойы кеңінен аталып өткені заңды, әрине. Осыған орай, «Ұлт мақтанышы – Ж. Жабаев» тақырыбында Іргелі ауылдық мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі Ақторқа Амантайқызы Жамбыл атамыздың шөбересі, жыршы, термеші Бекмұрат Жамбыловпен сұхбат өткізді. Кездесу барысында ХХ ғасырдың Гомері атанған ақынның жүрегінің түбінен қайнап шыққан асыл жырлары кеңінен әңгімеленді. Қалың көпшілікке танымал еткен суырып салма ақындық қыры да сөз етілді.
– Жамбыл бабамыз тоқсаннан асқан кезінде де жыр жүйрігі болғанын ел жақсы біледі. Ол жыр оқығанда хатшыларының өзі жазып үлгере алмаған деседі. Мені бабамның жырларымен әкем таныстырып, баулыған. Сол кезде бабаның мақамдарын да үйреніп алғанмын, – деді Бекмұрат Әлімқұлұлы. Одан кейін Жамбылдың «Ақындарға арнау» жырын, «Менің өмірім» атты термесін, «Ұлы Отанға» атты күйін нақышына келтіре орындады. Осылайша сұхбат жақсы деңгейде түйінделді.
Іргелі ауылдық Мәдениет үйі.