Ардагер ұстаз Ақылия Бекбайқызы «Әрбір күнге оймақтай ой» деп аталатын циклді күнтізбе жасап, «Уақытты игілігіңізге жарата білсеңіз, Сіз алмайтын қамал жоқ. Өйткені, Сіз өз өміріңіздің қожасысыз. Бұл күнтізбе Сіздің ең жақын кеңесшіңіз, өзіңізге деген сеніміңізді арттыруға, жақсы ойларға, игілікті іс-әрекетке жетелейтін жолбасшыңыз болғай» деп, оқырмандарына философиялық пайымы мол, өмір тәжірибесінен шыққан өнегелі өсиеттерін афоризммен берсе, «Абай бабамыздың аруағына махаббатпен, құрметпен бағыштадым» деп басталатын ғылыми-танымдық күнтізбесін «Адамзаттың Абайы» деген атаумен ұлы ақынның өлеңдерінен, қара сөздерінен құрастырған. Өзінің ұстаздық жолын хәкім Абай мұрасымен тығыз байланыстырып, «Абай әлемі» авторлық кабинетін ашып, «Абай нұры» газетін ұйымдастырып отырған ұстаздың бұл жобасының осылай жалғасын табуы өте құптарлық деп санаймыз.
Бұл күнтізбеде «Ұлы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген өсиетін ұстанымыма айналдырғаныма 60 жылдың жүзі болыпты. Осы жылдар ішінде «қалың елі қазағының қамы үшін мыңмен жалғыз алысқан», сол жолда у ішкен Абайды танып, білдік пе, оның өсиет сөздерінің мәнін ұғына алдық па, ұстаз ретінде шәкірттеріме ұғындыра алдым ба? деген өзекті сұрақ мені күнде ойлантумен келді, саналы өмірім барда ойланта да бермек. Түптеп келгенде, Абайды тану – қазақты тану екеніне көзім жетті. Ендеше, Абай мұрасына қызмет ету қазаққа, ұлтқа қызмет ету деп түсінгеніміз абзал», – деп бастайды ардагер ұстаз алғашқы бетін. Әрі қарай парақтасаңыз, әрбір күннен ұлы ойшылдың дүниетанымдық даналығын көресіз, оқисыз, толғанасыз, тереңіне бойлайсыз да, ғаламат ойды табасыз.
Ақын көрген-білгенін, таным-тәжірибесін ақыл көрігінде қорытып, таразыға салған, білім, ғылым, кәсіп, қызмет, дәстүр, дін, тәрбие иірімдеріне бойлай толғана отырып, қағидалы көзқарастарын қара сөздерін де алға тартады. Өмірдің мұратын шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып зор болу керектігін, сол арқылы ұлттық дамудың басты бағыттарын көрсеткен. Адам баласының бесіктен бейішке дейінгі ғұмыры өкініш болмас үшін қалай дұрыс өтуі абзал деген сауалға нақты ақыл береді. Мысалы күнтізбенің 5 қаңтарында «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, содан қашпақ керек, әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп біліңіз…», — десе, 25 қаңтарда «Артыңнан Құран оқысын десең, тірлікте өзің жақсылық қылған кісің көп болса, кім Құран оқымайды?» дегені әркімді ойландырмай ма, қайырымды іске жетелемей ме?
Одан бөлек, күнтізбеде адамды еріксіз баурап алатын түрлі-түсті суреттер берілген. Оған үңілсеңіз Абай тереңінің тағы бір ғажайып қыры ашылады. Мұнда Абай рухына адал болуды аманаттап кеткен Алаш арыстары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Әуезов сынды қайраткерлердің пікірлерін тұщына оқисыз. Абайтану ғылымына қолтаңбасын қалдырған зиялылардың еңбектерімен танысасыз. Сондай-ақ, Қазақстандағы, шетелдегі Абай ақынның ескерткішін, бюстісін көріп тамсанасыз.
Абайды жаңа қырынан танытқысы келген ардагер ұстаз Ақылия Бекбайқызының еңбегі бүгінгі ұрпаққа керек дүние деп есептейміз. Абай әлеміне еніп, ақын арқылы жаңарасыз. Ұстаздың күнтізбесіндегі ең негізгі қағидаттар жоғарыда айтылды. Жақында соның тұсаукесері біздің мектеп кітапханасында өтті. Игі шараны әріптесім А.Қаныбекова екеуіміз ұйымдастырдық. Бұл кеште аталмыш күнтізбенің авторы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, аудандық аналар алқасының төрайымы А.Бекбайқызы өзі де болып, оқушыларға азық болар Абайдың өсиеттерінен сыр шертті. Жиын барысында алдымен мектеп-гимназияның директоры Т.Сайбырова сөз алып, ардагер ұстаздың еңбек жолын таныстырды. Одан кейін «Адамзаттың Абайы» атты ғылым-танымдық күнтізбе жайлы видео көрсетіліп, 5 сынып оқушылары ұлы ақын Абайдың өлеңдерін оқыды. Ұстаздың осы уақытқа дейін «Сөнбесін шырағың», «Қара қайрақ» кітаптары мен «Әрбір күнге оймақтай ой» сияқты күнтізбесі жарық көргені белгілі. Енді, міне, тағы бір еңбегімен толықты. Олардың барлығы мектеп кітапханасының «Қаламгер ұстаз» атауымен ашылған сөреге қойылды.
В. ҚЫДЫРБАЕВА,
Абай орта мектеп-гимназиясы
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.