Жыл басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялап, елімізде Абай жырлары мен дана сөздерінің кеңінен насихатталуын, осыған орай даңғазалық емес, тағылымды іс-шаралардың өткізілуін тапсырды. Мемлекет басшысының аталмыш тапсырмасын орындау және де ұлы ақынның мұрасын насихаттау мақсатында біздің ауданымызда көптеген іс-шаралар атқарылуда. Аптаның алғашқы күнінде орталық кітапхана ғимаратында әлемдік әдебиеттің заңғар тұлғасы деп танылған ұлы Абайдың мерейтойына орай «Абайды оқы – таңырқа!» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.
Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен басқосуға құрметті қонақ ретінде аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Сағындық Жылқыбаев, Қаскелең қаласы ардагерлер кеңесінің төрайымы Несіпбала Әбділдаева мен аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев қатысты.
Ұлы Абайдың шығармашылығы, оның сөздерінің мәнін, мағынасын терең ашу, бүгінгі күнмен байланыстыру, пікір алмасу, ой қозғау мақсатында ұйымдастырылған жиында алдымен ауданымыздың белсенді жасы Аяулым Болатбек баяндама оқып, ақынның өмірбаяны мен өнері туралы кеңінен әңгімеледі. Келесі сөз кезегін Сағат Ұлтарақұлы алып, жиналған жастармен қазақ руханияты үшін ерекше тұлға туралы өз ойымен бөлісті. Кемеңгердің өмір сүрген ортасы, туындылары және әділетсіздікпен арпалысқан қиын тағдыры, Еуропа мәдениетімен жақындасу мақсатында реформатор болғаны туралы әңгімеледі. Мұнан кейін Несіпбала Әбенқызы мен Серік Мақұлбекұлы сөйлеп, Абай тағылымының бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы, шығармаларындағы ұлттық-рухани құндылықтардың көрініс табуы, заманауи білім беру бағыттарының Абайдың айтқандарымен үндесуі және гуманистік сипаттағы ойларын ортаға салды. Қара сөздеріне де ерекше мән беріліп, оның маңыздылығы және өзектілігі жайлы кеңінен айтылды.
Шара соңында оған қатысушылар заман өзгерсе де, қазақ баласы үшін Абай шығармаларының мәңгілік болып қала беретіндігіне тағы бір куә болды.
Сонымен қатар, мазмұны мен маңыздылығы мол дөңгелек үстелге қатысқандарға естелік ретінде Абай Құнанбаев бейнеленген брелоктар сыйға тартылды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.