Кеңес өкіметі 1937-1938 жылдарда жүргізген репрессия салдарынан талай арыстарымыздың көзі жойылып, жазықсыздан-жазықсыз атылғаны баршамызға мәлім. Бұл – еліміздің тарихи жадында нәубет жылдар болып сақталарына еш күмәніміз жоқ. Кеңес өкіметінің озбыр саясатының аяусыз қорлығына ұшыраған ұлт зиялыларының есімдерін ардақтап, рухтарына құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы және Ахмет Байтұрсынұлы мұрындық болған ұлт көсемдерінің туған халқы үшін жасап кеткен өнегелі істерін бір тарихи мерзімнің өлшеміне салып бағалаудың өзі оңайға соқпас.
1991 жылдың желтоқсан айында қазақ халқы өзінің ғасырлар бойы армандаған тәуелсіз мемлекет мәртебесіне қол жеткізгеннен кейін төл тарихымыздың қасақана бұрмаланып, мән-мағынасы шындыққа жанаспайтын тұрғыда баяндалып келген мәселелерін қайта жазып, жұртшылыққа жеткізу мүмкіндігі туды.
Еліміздің тарихында осы күнге дейін әлі де зерттелмеген, ақиқаты толықтай ашылмаған күрделі тұстар көп. Қазақ ұлтының келешегі жолындағы күрделі кезеңнің біріне ХХ ғасырдың 20-30 жылдарын айтуға болады. Өзінің мүддесін ұлт мүддесімен ұштастырған қазақ зиялы қауымы осындай үлкен күрестің көшбасында тұрған болатын. Шаршаған елдің санасын оятып, азаттыққа шақырған Ә.Бөкейханұлы, М.Дулатұлы, А.Байтұрсынұлы сияқты арыстар еді. Ал, көштің басын төңкеріс уақытында, төңкерістен кейінгі азамат соғысы кезеңінде шыңдалып, саяси өмірге белсене араласқан А.Сейітов, С.Сейфуллин, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев, А.Асылбековтар жалғастырды.
Ұлтжанды қайраткерлердің қай-қайсысы болмасын ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметімен қазақты мәдениетті елдердің қатарына көтеруге бар күш-жігерін, өмірін арнады. Қазақ мемлекетінің экономикасы мен ауыл шаруашылығын дамытуды, білім мен мәдениетті өркендету сияқты көкейкесті мәселелерді ұлттық мүдде тұрғысынан шешудің жолдарын ұсынған азаматтар кем болмаған еді. Бірақ қазақ зиялыларының арман-мақсаттары орындалмады. Оған тоталитарлық әкімшіл-әміршіл жүйе кедергі ғана болып қоймай, оқыған азаматтарды қуғын-сүргінге ұшыратқан болатын. Кейіннен партияның ХХ съезінің шешімімен қазақ зиялылары ақталған болатын, алайда, зиялыларды толық ақтап алатын мүмкіншілік болмады.
Кеңес өкіметінің 1937-38 жылдарда жүргізген репрессиясы салдарынан талай қазақ елінің жарқын жұлдыздары шетінен сөніп, жазықсыз жапа шегіп, кеңестік идеологияның құрбаны болғаны баршаға мәлім. Жазықсыз жапа шеккен аяулы азаматтарымыздың еңбегін ел жадында сақтап, есімдерін ардақтап, оларға құрмет көрсету бүгінгі ұрпақтың қасиетті міндеті. Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы көшбасшылық еткен ел көсемдерінің туған халқы үшін жасап кеткен өнегелі істерін бір тарихи мерзімнің өлшеміне салып бағалаудың өзі үлкен еңбекті қажет етеді. Себебі, ұлтына, халқына бүкіл өмірі мен қызметін арнаған, қазақтан шыққан біртуар тұлғалардың ерен еңбектері мен дара жолы біз үшін өлшеусіз мұра екендігі сөзсіз!
Мархабат ЖАНСЕИТОВА,
«Атамекен» тарихи-мәдени орталығының бөлім меңгерушісі.