Оқу жылы өз мәресіне жетіп, соңғы қоңырау мерекесі аяқталғаннан соң, емтихан науқаны басталады. Осы ретте ауданымызда 21,23,25 маусым аралығында, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген, «Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеуді өткізу» қағидасына сәйкес ұлттық бірыңғай тестілеудің 3-ші кезеңі өтеді. Бұл кезеңде талапкерлер грант иегері атануға және білім беру гранттары тағайындалатын конкурсқа қатысу мүмкіндігін алады.
Қаскелең қаласында орналасқан Белинский орта мектебінде өтетін тестілеуге ауданымыздағы 50 мектептен 1310 талапкер қатысады. Олардың арасында 59 «Алтын белгі» және 54 «Үздік аттестат» иегерлері бар. Осы жылы тестілеуді өткізу форматының өткен жылдардағы тестілеуді өткізуден айырмашылығы болмайды, пәндік тапсырмалар еш өзгеріссіз қалады, талапкерлер бұрынғыдай үш міндетті (Қазақстан тарихы, математика, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пәндер бойынша тестілеуден өтетін болады.
Белинский орта мектебі ауданымыздағы тестілеу орталығы болғандықтан, мұндағы кабинеттер толықтай жабдықталған. Барлық аудитория ұялы байланыс сигналдарын сөндіргіш құралдармен және бейнебақылаумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, тест тапсырушылар үшін де барлық мүмкіндіктер жасалған. Атап айтар болсақ, медициналық көмек көрсету пункті ұйымдастырылып, тестілеу барысында қауіпсіздік қамтамасыз етіледі, өрт сөндіру қызметтері мен полиция кезекшілік атқаратын болады.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығымен биылғы ҰБТ 4 кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі қаңтар айында Алматы қаласындағы «Нархоз» университетінде өтті. Оған 242 үміткер қатысты. Ал, екінші кезеңі ауданымыздағы Белинский мектебінде ұйымдастырылып, оған 1240 талапкер қатысты. Ұлттық бірыңғай тестінің бірінші және екінші кезеңін тапсырған оқушылар тек ақылы түрдегі жоғарғы оқу орындарына түсе алады.
Ұлттық бірыңғай тестілеуге жан-жақты әзірленіп, тыңғылықты дайындықпен келген жас түлектерімізге осы сында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізулеріне тілектестік білдіреміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.