Аптаның сейсенбісі күні өнер саласының қызметкерлері «Ұлттың бас жобасы – рухани жаңғыру» атты ауқымды іс-шараның өтуіне ықпал етті. Бұл күні Мәдениет үйіне келген аудан тұрғындары қазақтың музыкалық аспаптарының үнін естіп, жас қыз-жігіттер киген әртүрлі әдемі ұлттық нақыштағы киімдер мен қолөнершілердің күмістен, теріден, жүннен, қағаздан, бағалы тастардан жасаған бұйымдарын тамашалай алды.
Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен құндылықтары насихатталған бұл шара Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаланың 5 жылдығына орай ұйымдастырылды. Айта кетейік, 2017 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық сананы жаңғырту мақсатында аталмыш бағдарламалық мақаланы жариялаған еді. Сол уақыттан бері аталған бағдарлама елдің өркендеуіне серпін беріп, мемлекеттік, ұлттық дамуымыздың маңызды бағытына айналды. Әсіресе, Мәдени саланың басты қатарында тұрған мәдениет үйлерінің жұмысында бұл ауқымды көрініс табуда. Біздің ауданымызда бағдарлама аясында тарихи пен мәдениет салаларына қатысты ауқымды істер атқарылып, бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Сол жұмыстарды қорытындылау мақсатында қолға алынған осы мерекелік кештің шымылдығын аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова ашып, алдымен аталған шараны ұйымдастырған мәдениет саласының қызметкерлері мен оған атсалысқан аудан қолөнершілеріне алғысын білдірді. Жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, соңғы бес жылда ауданымыздың мәдени саласы дамып, көптеген өзгерістерге тап болғандығын айтып өтті.
– Көреген Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аты айтып тұрғандай, ең алдымен, отандастарымыздың рухани дамуына бағыт беріп, ел өмірінің мәдени саласын дамытуға үлкен сеп болды. Аталған бағдарлама аясында біздің ауданымыздың мәдениет саласында көптеген жақсы өзгерістер алды. Соның дәлелі ретінде бүгінде қарасайлықтар мен меймандар үшін руханият ордасына айналған «Батыр бабалар мемориялы» мен «Анаға құрмет» музейлерін айтсақ болады. Жақсылыққа жаны жақын азаматтардың бастауымен бой көтерген бұл нысандар мемлекет қолдауына рухани жаңғыру аясында берілген еді. Сонымен қатар, бағдарлама аясында ауданымыздағы барлық Мәдениет үйлерінде тұрғындар өз қалауларынша қолөнер сабақтарына қатыса алатынын айтуға болады. Себебі, мұның бәрі бірінші кезекте халық арасында ұлттық құндылықтарды насихаттап, рухани байлықты арттыруға бағытталған, – деді Күлжан Әділханқызы. Сондай-ақ, бөлім басшысы қазақ халқының қолөнерін дамыту мақсатында бүгінде ауданымыздағы қолөнершілерге жеке кабинеттер беру мәселесі қарастырылып жатқандығын да жеткізді.
Келесі сөз кезегін аудандық Мәдениет үйінің директоры Болатхан Кеңесханұлы алып, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы мәлімет беріп өтті. Мәдениет ордасы басшысының айтуынша, «Рухани жаңғыру» аясында соңғы бес жылдың ішінде танымдық жиындар, мерекелік кештер сияқты 600-ге жуық әртүрлі іс-шаралар өткізіліп, әлі де көптеген жоспарларды іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта ауданымыздың өнерпаздары мен қолөнершілерін қолдап, олардың еңбегін тұрғындар назарына қою үшін орталық Мәдениет үйінің фойесін кішігірім музейге айналдыру жоспарда бар екенін түсіндірді.
Құттықтау сөздерден кейін жиналған қауым, осы іс-шараға арнайы ауданымыздың «Қоңыр» атты шеберлер отбасы, сондай-ақ, Мәдениет үйлерінде ашылған «Фиэста», «Творческая мастерская» сияқты үйірмелерден келген қолөнершілердің атсалысуымен ұйымдастырылған көрмені тамашалап, XIX ғасырдың соңына тиесілі қазақи киім-кешектер мен көптеген бұйымдардың тарихымен кеңінен танысты. Олардың ішінде ұлттық ою-өрнектермен безендірілген камзолдар, бас киімдер, әртүрлі тастардан, күмістен, қоладан жасалған зергерлік бұйымдар, жүннен тоқылған киімдер мен құрақ көрпелер бар. Сонымен қатар, шараға қатысушылар ауданымызға қарасты әр ауылдың Мәдениет үйінде құрылған «Ақ әжелер» ансамблінің қолөнершілерінің шеберлік сабақтарына қатысты. Ал шараға келген жастарға қылқалам шеберлігі бойынша, сондай-ақ, қазақтың тоғыз құмалағы мен асық ату ойындарынан шеберлік сағаттары көрсетілді.
Осылайша бұл күні ауданымыздың мәдениет саласының өнерпаздары өздерінің бес жылдық жұмыстарын қорытындыласа, оған қатысқан аудан тұрғындары керемет көрмені тамашалап, ұлттық болмысымыздан сыр шертетін дәстүрлеріміз туралы тереңнен мәлімет алып қайтты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.