Қаңтар айының 28-і күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда барлық қазақстандықтың әлеуметтік тұрмысына әсер ететін салық жүйесіне енгізілуі мүмкін өзгеріс жайында айтылды. Ашып айтқанда, жиын барысында Премьер-министр Олжас Бектенов пен оның орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздегі кәсіпкерлерге салынатын қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерін 12 %-дан 20 %-ға дейін көтеруді ұсынды. Өткен жылы бұл ойдан бас тартқан Президент осы өзгеріске биыл қолдау білдірді.
Қазіргі қолданыстағы заң бойынша бұл салықты жылдық тауар айналымы айлық есептік көрсеткіштің 20 мың еселенген мөлшерін құрайтын сомаға жеткен кәсіпкерлер ғана төлейді. Биыл ол мөлшер – 78 млн 640 мың теңге. Экономика министрінің мәлімдеуінше, қазір елде тіркелген 2,3 млн-нан астам салық төлеушінің іс жүзінде 88 мыңы, яғни 4 пайызы ғана ҚҚС-ты төлеп отыр. Бұған осы салықты төлеуге міндеттейтін шек тым жоғары екендігі себеп. Егер жоғарыда айтылған өзгерістер қолдау табатын болса, онда жылдық тауар айналымы 15 млн теңгеден басталатын кәсіпкерлер де ҚҚС төлейтін болады. Яғни шағын және орта бизнестің осы шамада табыс тауып отырғандардың 80 пайызынан бюджетке қаражат түсе бастайды.
ҚҚС мөлшері өскен жағдайда кәсіпкерлерге көмек ретінде жұмыс берушінің әлеуметтік салығы мен міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау арқылы жалақы қорына түсетін жүктемесін орташа есеппен 10 пайыздан 30 пайызға дейін төмендететін болады. Бірақ мұның кәсіп иелері үшін қаншалықты пайдасы бар?
Егер Үкімет ұсынып отырған жоспар іске асса, онда ҚҚС төлейтіндер қатарына тағы да 300 мыңға жуық салық төлеуші қосылмақ. Нәтижесінде республикалық қазынаға қосымша 6-7 трлн теңге қаржы түседі деп күтілуде.
Өзгерістің салдары қандай?
Түптеп келгенде, бұл бастама халық төлейтін салыққа айналмақ. Тұтынушылардың, яғни қарапайым тұрғындардың күнкөріс деңгейі нашарлайды. Себебі тауар ақысы артқанымен, жалақы өсіп жатқан жоқ. Ал инфляция жылдан жылға қарқын алуда. Салықты бүгін енгізетін болса, ертесінде-ақ тауар мен қызмет бағасы көтеріледі, ал халықтың төлем қабілеті болмаса, шағын және орта бизнес иелеріне кәсібін жабуға тура келеді.
ҚҚС мөлшері көтерілген жағдайды мысал ретінде түсіндірейік. Мәселен, нан пісіретін наубайхана 1 келі ұнды 100 теңгеге сатып алады дейік (оның бағаның ішінде 12% қосылған құн салығы бар, яғни 9 теңге). Сөйтіп, наубайхана нан пісіреді, шамамен 1,5 келі, қосылған құн салығын қосқанда 400 теңге. Шартты түрде наубайхана елдің бюджетіне 34 теңге ҚҚС төлейді. Сонда нанның 1 келісі 266 теңге тұрады. Ал алдағы уақытта ҚҚС 20%-ға көтерілсе, наубайхана ұнды 100 емес, кем дегенде 120 теңгеге сатып алады. Себебі ҚҚС өсуі автоматты түрде барлық нәрсенің бағасына әкеледі. Сонда 1,5 келі нанды қосылған құн салығын қосқанда 83 теңгемен кем дегенде 500 теңгеден сатады, яғни 1 келі нанды 333 теңгеден аламыз.
Нәтижесінде наубайхана бюджетке 34 теңге емес, 63 теңге салады, ал тұтынушылар бір нанды кем дегенде 333 теңгеге сатып алатын болады.
Бұл өзгеріс өзге тауарларға да осылайша әсер етеді. Мемлекет үшін 12 мен 20 пайыздың арасы болмашы ғана болып көрінгенімен, халық үшін салдары ауыр болайын деп тұр.
Кәсіпкерлер не дейді?
Салық жүйесіне енгізілуі мүмкін деген ақпарат белгілі болғалы елде қызу пікірталас басталды. Қазақстандық кәсіпкерлер бұл қарапайым халықтың қалтасын қағатынын алға тартып, өткір сын айтып, қарсылық білдіруде. Аптаның сәрсенбісі күні облыс орталығы Қонаев қаласында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кеңейтілген отырысы өткен еді. Райымбек Баталовтың төрағалығымен болған жиынға республиканың барлық өңірінен офлайн-онлайн түрде 800-ден астам кәсіпкерлер қатысты. Талқыға түскен негізгі мәселе де осы салық кодексіне енгізілуі мүмкін реформа жайында болды.
Жиын барысында кәсіпкерлер тарапынан ұсынылған шара нәтижесі тек бизнестің көлеңкеге кетуіне, сәйкесінше салықтың азаюына әкеліп соғатындығы туралы айтылды. Шекті сомманы 15 млн. теңгеге дейін түсірсе, елдегі микробизнес те, шағын және орта бизнес те қосылған құн салығын төлеуге міндеттеледі. Бұл кәсіптің барлық түріне айтарлықтай зардап әкеледі, ал кейбір кәсіпкер, тіпті құрдымға кетпек. Осы ретте жиналған бизнес өкілдері бюджеттің жыртығын жамау үшін кәсіпкерлерді қолданбай-ақ бюджеттік шығындарды қайта қарап, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелердің шығынын азайтып, бар салықтарды дұрыстап өндіруді қолға алып, керек емес салық жеңілдіктерін алып тастау секілді табысты арттырудың жолдары бар екенін сөз етті.
Алматы облысы кәсіпкерлерінің тарапынан «беделді комиссия» құру керек деген ұсыныс жасалды. Оның мүшелері Президент және Үкімет басшыларымен тікелей кездесу арқылы бизнеске байланысты барлық мәселені жеткізіп, шешу жолдарын қарастырып отыратын болады. Бұған «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Райымбек Баталов ұсынысты назарға алатындығын жеткізді. Сондай-ақ жиында ол бұл бастаманы өзі де, Ұлттық палата басшылығы да қолдамайтындығын, алдағы уақытта аталған мәселе бойынша Қазақстанның бизнес-секторының ұсыныстарына сүйене отырып, келіссөздер жүргізілетіндігін атап өтті.
Жалпы отырыста әртүрлі ойлар айтылғанымен, бір нәрсе анық болды. Ол – қазақстандық кәсіпкерлердің жаңа реформаға деген түбегейлі қарсылығы.
Өзге елдердегі ҚҚС қандай?
Экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, Қазақстанда салық аз жиналады. Қосылған құн салығының жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 20 пайыз. Республикалық бюджеттегі үлесі одан да аз – 10,8 пайыз. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 40 пайыздан асады. Алайда министрдің сөзі қаншалықты рас?
Қазіргі таңда 137 мемлекетте ҚҚС төленеді. Ең көбі 27 пайыз төлейді. Бірақ соның ішінде Сингапур – 9 пайыз, Малайзия – 5 пайыз, Оңтүстік Корея – 10 пайыз төлеп жатыр. Рас, Норвегия, Швеция, Дания сияқты мемлекеттерде 25 пайыз төлейді, бірақ оларда халықтың жағдайы да басқа. Онда қарапайым орташа айлық 3500 еуро. Ал бізде орташа айлық 350 мың теңге дейді, бірақ оны да көпшілік алып отырған жоқ. Тіпті, сол 350 мың теңге – еуроға шаққанда 700 еуро болады. Айырмашылық бірден көрініп тұр.
Ал АҚШ-та ҚҚС атымен жоқ. Мұнда сату салығы бар, яғни сатылған тауар не қызмет бағасына қосылатын салық. Әр штатта әрқалай, бірақ орта есеппен алғанда 6-8 пайыз аралығында.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.