Бүгінде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту – заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Осы ретте еліміздегі білім жүйесіне көптеген жаңашылдықтар енгізіліп, оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын арттырып, ұстаздардың кәсіби біліктілігін жақсарту мақсатында түрлі бағдарламалар іске асырылуда. Солардың бірі – мұғалімдер тәжірибесі саласындағы білім жетілдіруге бағытталған ынтымақтастық педагогикалық тәсіл «Lesson Study». Ұстаздардың өзара ынтымақтастығын арттырып қана қоймай, сондай-ақ көш соңында келе жатқан шәкіртті қатарға қосуды көздейтін әдістің тиімділігін ескеріп, бүгінде өздерінің оқыту жүйесінде кеңінен қолданып отырған мекемелердің қатарында Шамалған ауылында орналасқан Қарасай батыр атындағы орта мектебі де бар.
Өткен аптада аталмыш білім ордасы өзінің базасында «Мектептегі Lesson Study – даму мен ілгерілеудің формуласы» атты облыстық семинар өткізді. 2012 жылы еліміздегі мектептерге енгізілген «Lesson Study» әдісінің тиімді тұстары талданып, жеткен жетістіктер таразыланған шараға Алматы қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығының» және аудандық білім бөлімінің өкілдері, Алматы қаласындағы № 15 гимназияның тренерлері қатысты.
Жоғары аталғандардан бөлек жетекші мектептердің координаторлары мен ауданымызға қарасты барлық мектептердің ұстаздары жиналған семинарды білім ордасының басшысы Адиля Коржумбаева ашып, «Lesson Study» тәсілінің білім сапасын арттырудағы маңыздылығы жайлы айтып, келген қонақтарға алғысын білдірді.
– Ұйымдастырған семинарымыздың негізгі мақсаты «Lesson Study» аясында осы уақытқа дейін атқарып жатқан жұмыстарымыздың нәтижесін көрсету болып отыр. Жалпы жұмыс барысында Lesson Study мұғалімдердің кәсіби біліктілігін көтеретін, білім жетілдірудің, тәжірибе алмасудың оңтайлы әдісі екеніне көз жеткіздік. Бүгінде осы тәсіл мұғалімдеріміздің сабақты бірлесе дайындап, әрбір оқушының қарым-қабілетіне, сұранасына сай, білім беруге септігін тигізуде. Әрі ұстазымыз оқытудың арнайы әдістемелерін әзірлеп, зерттеу барысында үйренген тың тәсілдерін коучинг, демонстрациялық сабақтар негізінде бір-біріне үйретеп жүр.
Бұл олардың кәсіби біліктіліктерін арттырып қана қоймай сондай-ақ оқушыларымыздың сабаққа деген қызығушылығын оятуда, – деді мектеп директоры.
Мұнан кейін шараның негізгі бөлімі басталып, онда Алматы қаласында орналасқан «Педагогикалық шеберлік орталығының» педагог-шеберлері «Әр мектеп сабақты зерттеудің өзіндік үлгісін құрастыру керек», «Зерттеу сабағында саралау тәсілдерін қолдану» сияқты тақырыптарды қозғап, өз тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ жалпы «Lesson Study» тәсілі жайлы кеңірек ақпарат беріп, онымен жұмыс жасау барысында қандай кемшіліктерге жол бермеу керектігін туралы сөз етті.
Оған қоса ұстаздар арасында ұжымдылық жұмысқа бағытталған психологиялық тренингтер өткізіліп, жаңа әдісті қолдану, сабақ жоспарын бірлесе құру, талдау, бақылау, жоспарға өзгерістер енгізу, барлық оқушыларды белсенді оқу үдерісіне тарту, жинақталған тәжірибені әріптестермен бөлісу сынды түйінді мәселелер қамтылды.
Мұнан бөлек семинар барысында аталмыш мектептің ұстаздары шеберлік сыныптарын өткізіп, «Lesson Study» құралын өз сабақтарында қалай қолданатынын айтып, балаларды оқыту кезінде пайдаланатын жаңа әдіс-тәсілдермен бөлісті.
Жалпы тәжірибе алмасуға бағытталған семинарда ұстаздар қауымы теориялық және тәжірибелік тапсырмаларды орындап, «Lesson Study» тәсілін сабақ барысына қолданудың жаңа мүмкіндіктерімен танысты. Семинардың негізгі бөлімдері аяқталғаннан кейін жақсы әсер алған қатысушылар өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.