Латын әліпбиіне көшу туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2017 жылы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кіруге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.
Иә, бір кезде біз мұндай қадамдарды жасағанбыз. Мәселен, ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлының ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері сақталған, араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылды. 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді жазу жүйесіне енгізіп, 1940 жылдан бері қарай кирилл графикасы әліпбиін қолданып келеміз.
Ұлы Дала елінің өткеніне көз жүгірсек, бірінші тұғыры – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы болып келеді екен. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтып кеткендей, «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі». Алаш қайраткерлері де латын әліпбиін жазу-сызуда қолданған. Сондықтан бұл бізге таңсық дүние емес.Латын әліпбиі әлемде кең қолданылды. Латын әліпбиі б.з.д. Vll ғасырда Римде және этрус әліпбиінің тармағы ретінде пайда болып, б.з. I ғасырда қалыптасқан .Орта ғасырда латын әліпбиі Еуропаға тарағанын тарихтан білеміз. Африка, Америка, Азия халықтары да пайдаланады.
Жалпы, латын әліпбиіне көшу көптің талқысына салынып, ойланып-толғанып қолға алынған мәселе екенін бәріміз білеміз. Латын бізге әлемдік мәдениетке жұртпен қатар енуіміз үшін қажет. Заман, уақыт өзгеріп жатыр, тарихтың талабы өзгеріп жатыр. Бізге де болашақ үшін ойлануға тура келеді. Сұлтанмахмұт Торайғыров өз заманында «Заманның өзгермеуін сезбеудің өзі – надандық» деген болатын. Ендеше, біз неден тартынуымыз керек? Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі.Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу-қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігу мүмкіндігі туады. Төртіншіден,түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біз де олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.Латын қаріптерімен шет тілінен енген сөздерді қазақша «сындырып» жазатын болсақ, ешкімнің таласа қоймайтыны белгілі. Басқаша айтқанда, сырттан келген сөздерді бұрынғыша «сындырып» жазып, қазақи шапан кигіземіз.Сөйтіп, жаҺандық өркениетке ілесе алатын боламыз.
Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Сонымен қатар, интренет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған, бірақ, орыс графикасында ғана жасалған, болашақта қазақ графикасында жасалады деген ойдамыз.
Ләззат ОҢАЛБАЕВА,
Кенен Әзірбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.