«Құсбегілік өнер тек ер адамға ғана тән» деген ұйғарымды жоққа шығарған Айшолпан Нұрғайыпқызының есімі бүгінде төрткүл дүниеге танымал. Бүркітші қыз Моңғолия жерінде дүниеге келіп, ес білгелі құсбегілікті жанына серік еткен.
Әлемнің үздік жоғары оқу орындары – Гарвард пен Оксфордтың шақыртуынан бас тартқан Айшолпан Нұрғайыпқызы бүгінде Қарасай ауданында орналасқан СДУ-да білім алады. Қазақстанды әлемге әйгілі еткен өр Алтайдың өжет қызы жайлы жалпақ жұрт одан әрі тани түссін деген ниетпен қалам тербеуді жөн санадық.
Айшолпан Нұрғайыпқызы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында қарапайым отбасында тәрбиеленген. Жеті атасынан бері жалғасып келе жатқан құсбегілікті ол да бойына сіңіріп, ұлттық өнерді ұлықтауды жөн санаған. Ата-әжесінің қызы болғанымен, құс баптаудан сол аймаққа танымал әкесін үлгі тұтады. Атакәсіпке отбасының әрбір мүшесі жақын. Өзінен үлкен ағасы да, артынан ерген інісі мен сіңілісі де бүркітті қолға үйретудің қыр-сырын меңгергендер.
Бүркітші қыздың бесігі тербелген Баян-Өлгей өлкесі – тау-тастың мекені. Бұл жерде қазақтың салт-дәстүрі әлі күнге дейін сақталған. Мұнда оны кейінгі ұрпаққа дәріптейтін 90%-дай қандас тұрады. Олардың әрбір ұлттық өнерге деген ықыласы ерекше болғаны, бәлкім, қазақ қызының осы жолға түсуіне себеп болған да шығар. Жайлауы жасыл, тұмса табиғаты бар аймақта Айшолпан еркін құсты өз ырқына көндіріп, алты жасында атқа мінген. Осы кезден бастап құс ұшыруға деген ынтасы оянып, өзінің жеке қыран құсы болғанын қалапты. Кейін әкесі Нұрғайып қызының бетінен қақпайын деп оны өзімен шың басындағы бүркіттің ұясына алып барған. Айшолпан осылайша алғаш түз тағысының балапанын өз қолына алып, оны баптап, жан досындай серік етіп, «Аққанат» деп ат қойыпты. Бүркіт екеуінің бауырмалшылдығы артқаны соншалық бір-бірін алыстан таныған. Тіпті, қыран құс Айшолпанның әр қадамына құлақ түріп, жүрген жүрісін танып, дыбыс шығаратын әдеті болған.
Айшолпанның бүркітшілер бақталасына түскен кезі 13 жасынан басталған. Қарсыластарына дес бермейтін қазақ қызының олжалы оралатыны жиі болған көрінеді. Үнемі үздік атанса да өзінің жолын қарсылас ағаларына береді екен. Айтуынша, бұл жарысқа қатысушы ер адамдарға деген сыйластықтың белгісі.
Әлем таныған Айшолпан Нұрғайыпқызының танымал болуы кездейсоқ десек болады. Бірде оның ауылына Израильден фотограф Ашер Свиденский келіп, ауылдың көрінісін, Айшолпан мен оның бүркітін суретке түсіріпті. Ол оны әлеуметтік желілерге салып, ғаламтор қолданушыларымен бөліскен. Бұл фотосуреттерді америкалық режиссер Отто Белл алғаш байқап, Айшолпан мен оның өмірі жайлы фильм түсіру ойына келген. Осы идеясын жүзеге асыру үшін арнайы Моңғолияға барған. Осылайша қырағы АҚШ режиссерінің туындысы екі жарым жыл ішінде таспаланып, 2014 жылы жарыққа шықты. Деректі фильм «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) деп аталынды. Тағы бір айта кетерлігі, бұл туынды америкалық ең үздік киножүлде болып табылатын «Оскар» сыйлығына үміткер 15 фильмнің қатарына енген.
Айшолпан жайлы алғаш деректі фильм шетелде көрсетіле бастаған соң, оған әлемнің түкпір-түкпірінен арнайы шақыртулар түскен. 30 елді аралап тамсанғанымен, оның асқақ арманы Қазақстанды көру еді. Оның осы мақсатын орындауға «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының тілшісі Ғабит Бөкенбай ықпал етіпті. Бүркітші қыз ол кісіге деген әлі күнге дейін алғысын айтады. 2018 жылы қазақ қызы атажұртқа қоныс аударып, кейін елордадағы «Spectrum» Халықаралық мектебінде білім алды.
Бүркітші қыздың өнері мен өмірі көрініс тапқан аталмыш кино бүгінгі таңға дейін әлемнің белгілі кинотеатрларында көрсетіліп үлгерді. Бір өкініштісі, Қазақстан жерін әлемге әйгілі еткен Айшолпан жайлы осы фильм отандық кинотеатрларға әлі күнге дейін жол тартпаған. Мұны еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі назарға алады деген үмітіміз бар. Қазақ қызыны арманы да осы – атамекенде киноның көрсетілуі.
Көңілді қуантар бір жаңалық – жақында бұл фильмнің Қазақстандағы тұсаукесері Айшолпан білім алып жатқан Сулейман Демирель университетінде ұйымдастырылды. Фильм келген қауымға ұнады, оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдірді.
Қазіргі уақытта Айшолпан Нұрғайыпқызы жоғарыда атап өткен СДУ-дің 2 курс студенті. Мұнда ол «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алуда. Осы білім ордасының жатақханасында тұрады. Жазғы демалыс кезінде Баян-Өлгейдегі ата-анасына, жақындарына баруды ұмытпайды. «Аққанатына» деген сағынышын басып, ара-тұра жарыстарға қатысады. Айта кетейік, бүркітші Айшолпан осы уақытқа дейін қыран құсымен 14 түлкі, 2 қасқыр аулаған. Олардан ішік, жамылғы жасап тұрмысқа қолданған.
13 жасында дүниежүзіне танылған қанатты қыз Моңғолияның туризм саласын жандандыруға ерекше үлес қосқанын да естен шығармаған жөн. Шет елден келетін саяхатшылардың біразы Айшолпанды көруге келеді екен. Бәрінің қызығатыны – жас бүркітші қыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігі, отбасылық өмірі.
Міне, біз білетін, мақтан ететін Айшолпан осындай. Әңгіме барысында алдағы арманы мен атажұрттағы өмір салты жайлы сұрауды да ұмытпадық. Кейбір құпия жоспарын да бөлісті.
– Осы жылдың жаз мезгілінде мен жайлы кино түсірген америкалық режиссер Отта Белл енді мультфильм дайындағалы жатыр. Мұны әлі ешкімге айтпаған едім. Сіздермен бөлісіп отырмын. Бәрі ойдағыдай болса бүркітші қыз жайлы тың туынды балалар әлеміне де жол тартады, – деп СДУ білімгері келешек жоспарымен бөлісті.
Айшолпан Қазақстандағы жастардың бүгінгі жағдайына алаңдаушылығын білдірді. Оның пікірінше, осы елдегі жастар шетелдіктерге көп еліктейтін көрінеді. Бірақ барлығымен қарым-қатынасы жақсы екенін айтуда. Ең бастысы ұлттық өнерді, мәдениетімізді ұмытпасақ деген тілегі бар. Келешекте мұғалімдік мамандықпен қатар құсбегілікті де қатар алып жүргісі келеді. Ұлттық өнердің мектебін қалыптастырып, магистратуралық білім деңгейін шет елде шыңдауды мақсат етеді.
Барлық арманына жетуіне біз тілектеспіз. Қазақтың қанына біткен төл өнерді танытқан бүркітші қызды әрбір қазақстандық мақтан тұтатыны сөзсіз. Бүркіт баптап, саятшылық салтымызды жаңғыртып, жер-жаһанға мемлекетті мәшһүр еткен Айшолпанға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.