Алты Алашқа ғана емес, адамзатқа ортақ ойшыл Абай хакімді өз деңгейінде ұлықтау бізге парыз. Мұны Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айрықша атап көрсетті. Ақын мұралары қанша заман өтсе де өте өзекті, мазмұнды. Осы орайда біздің Абай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектепте Абай өлеңдерін жатқа оқу эстафетасын мектеп директоры Г.Ашеева бастап, ол әрі қарай ұстаздар, оқушылар және ата-аналар арасында жалғасын тапты. Эстафета өзге ұлт оқушылары мен олардың ата-аналарының да қызығушылықтарын оятты. Кітапханашы Н.Ниязбакиева, ұстаздар А.Мукашева мен Ғ.Елебаеваның ұйымдастырумен екі айға жуық өткен бұл эстафета үлкен нәтижеге жетті. Оның жалғасы ретінде қазақ тіл мен әдебиеті пән бірлестігі «Абай дара, Абай дана қазақта…» атты аудандық семинар өткізді. Семинарға аудан мектептерінен 50 мұғалім, сонымен қатар, ҚР білім беру ісінің үздігі, «Президент әлемі» музейінің ғылыми жетекшісі Ақлима Көсемова мен аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы қатысты.
Ұлы ақын шығармашылығын насихаттау үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С. Султанакынова мен музыка пәнінің мұғалімі Г.Шарбатхан «Абай және музыка» атты кіріктірілген сабақ өткізіп, қонақтардың ыстық ықыласына бөленді. Оқушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып, «Желсіз түнде жарық ай», «Өзгеге көңілім тоярсың» әнін нақышына келтіре орындады.
Ақынның даналығын, рухани асыл мұрасын насихаттау мақсатында қазақ тілі пәні мұғалімі Н.Сарсебаеваның «Абайдың он жетінші қара сөзі» атты ашық сабағы жоғары деңгейде өтті. Ал, Майгүл Мерғалиева «Абайдың шығармашылығын оқытудың әдіс-тәсілдері» атты шебер-сыныпты аудан мұғалімдерімен өткізді. Сондай-ақ, музыка пәнінің мұғалімі Жайдар Қабылтайқызы қазақтың қара өлеңдерін насихаттау мақсатында, «Қазақтың 25 әні» жобасы аясында ауданымыздың музыка пәнінің мұғалімдерімен, Абайдың әндерін оқушыларға үйрету барысында қолданатын әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Іс-шараның қорытындысы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Л.Рақымбаева мен А.Қожахметованың басшылығымен әдеби-сазды кешке жалғасты. Абай бейнесін сомдаған технология пәнінің мұғалімі Алмат Медеуов музыка ырғағымен ұлы ақынның бірінші қара сөзін нақышына келтіріп, шеберлікпен оқып шықты. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында қос дара тұлға – Құнанбай мен Абайдың қарым-қатынасын 10 «А» сынып оқушысы Бақытжан Мелдебеков пен 7 «А» сынып оқушысы Әділет Ахат көрерменге актерлік шеберліктерін көрсетсе, Абай мен Тоғжан арасындағы ғашықтық сезімін 10 «А» оқушысы Қарақат Батырбек пен 9 «А» сынып оқушысы Мирас Әбдірәсіл әдемі бейнеледі. Музыка пәнінің мұғалімі Жайдар Қабылтайқызының орындауындағы «Айттым сәлем Қаламқас» әні үнемі әуелеп тұрды. Мектеп оқушыларынан құралған хор «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін орындап, эстетика пәнінің мұғалімі Дария Еспотанованың жетекшілігімен аудандық, облыстық байқаудың жеңімпазы, жас суретші Әйгерім Касенова осы әннің мазмұнына сай салынған суретін көрерменге сыйға тартты.
Н. ЗАРИПОВА,
кітапхана меңгерушісі.