Алматы облысы әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов өткен аптада ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келіп, тұрғын үй мен білім саласына қатысты бірқатар нысандарды аралады.
Әйтей ауылдық округіне қарасты Үштерек ауылында 600 орындық орта мектептің құрылысы басталып, биыл мамыр айында аяқталу жоспарда бар. Оның салынуына келісімшарт бойынша «Корпорация АҚ Ордасы» ЖШС жауапты. Ал, Жібек жолы ауылындағы орта мектептің 600 орындық жапсаржайы ағымдағы жылдың қараша айында бітуі тиіс. «Еламан» ЖШС атқаратын бұл құрылыс үнемі назарда.
Дәл осындай 600 оқушыға арналған жапсаржайдың тағы екеуі Алмалыбақ пен Іргелі ауылдарындағы білім мекемелерінде салынуда. Атап айтқанда, құрылысын «Кап Строй Груп-Т» ЖШС жүргізіп жатқан Алмалыбақтағы орта мектеп-гимназиясы мен «Құрылысшы ТБС» ЖШС тікелей жауапты Іргелідегі Л. Толстой атындағы орта мектебі. Бұл екі ғимараттың жапсаржайы мердігер мекемелердің келісімшартына сәйкес 2022 жылдың қараша айынды аяқталуы керек.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Л.Тұрлашов жоғарыда аталған білім саласындағы нысандар назарда екенін айтып, уақытысында аяқталу керектігін тапсырды.
Жұмыс сапары барысында Лаззат Мақатұлы Қарасай ауданындағы тұрғын үйлердің жағдайын да жіті қадағалады. Оның ішінде әлі пайдалануға берілмеген Қаскелең қаласындағы «Арнау» ТК-нің және Әйтей ауылындағы «Өмірұзақ» шағын ауданының құрылыстарын бақылады.
Әлеуметтік нысандарды аралау кезінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Лаззат Тұрлашов барлығы келісімшартқа сәйкес өз уақытында аяқталып, сапалы түрде қолданысқа берілуі қажет екенін түсіндірді. Сонымен қатар, құрылыс барысы алдағы уақытта да жауапты органдардың қатаң бақылауында болатынын жеткізді.
Өз тілшіміз.