Бүгінде тәуелсіздік туын биікке көтерген Қазақстан Республикасы дамудың даңғыл жолына түсіп, қарқынды түрде кемел келешекке ілгерілеп барады. Егемендіктің арқасында барлық мемлекеттік мәселені дербес шеше аламыз. Латын әліпбиіне көшудің жай-жапсары жөнінде де осыны айтуға болады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жөнінде нақты бағыт-бағдар көрсеткен болатын.
Жаhандану заманының жаңғырығы, ақпараттандыру әлемінің өзегіне айналған латын грфикасы бүгінгі күні ел арасында кеңнен талқыланып жатқан маңызды мәселе. Себебі, ұлттың болмыс бітімін танытатын, тереңдегі тарихын таразылайтын, мәдениеттің отын алаулататын таңбалар жүйесі – болашақта бақытқа жетелейтін сара жолдың бірі екені шындық.
Талай жылдың табалдырығында тозып, бодан-дықтың бұғауында бұлқынған, саясаттың салқынында қалған қазақ халқы үшін әлемдік өркениетке негізделген латын әліпбиіне көшу – ежелгі арман. Тәуелсіздік туын тіккелі нақты айтылмаса да, көкейде қылаң беріп көтеріліп келе жатқан мәселе. Ал, ол нақты Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясындағы сөзінен басталды. «Латын әліпбиіне көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты», – деген сонда Тұңғыш Президент.
Иә, латын әліпбиіне көшу ұлттық мүддені қорғау мен дамудың тамыры. Сол арқылы ұлттық кодты сақтау, әлем кеңістігіне шығып, өзіндік өркениетімізді бен мәдениетімізді жария ету.
Латын әліпбиіне көшуге қатысты біздің мектептегі іс-шаралар да көз қуантып, көңіл толтырады. Мектеп басшысы Ж.Кулиеваның басшылығымен латын әліпбиіне көшу үрдісін оқу әдістемелік және рухани қолдаудың маңызды міндет- мақсаттары белгіленіп, бекітілді. Жоспарға сәйкес ол С.Шмановтың «Латын әліпбиіне көшу-болашақтың бағдары» тақырыбында баяндама жасауымен бастады. К.Сақтағанов 9 сыныптар арасында «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атауымен дөңгелек үстел ұйымдастырса, А.Ережепова 10 сыныптармен «Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың іргетасы» тақырыбында дебат сабағын өткізді. Ал, жас маман Г.Ибраймова республикалық конференцияға «Заман талабына сай жарқын қадам» мақаласымен қатысып, дипломға ие болды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, «Мәңгілік елдің» басына қонар бағы болатын латын грфикасының құндылығы мен маңызын ұғынған сайын көңілге қанат бітіп, тынысымыз кеңейе түседі!
Марат КҮЗЕМБАЕВ,
Ы.Алтынсарин атындағы орта
мектептің мұғалімі.