Жуырда Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында, осы білім ұясының 80 жылдығына орай, «Латын әліпбиі және әлемдік интеграция» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны гимназия директоры Т.Сайбырова ашып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына сай 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс-қағаздар мен оқулықтар осы әріппен жазылуы тиіс екенін атап көрсетті. «Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан, латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңызды» деді ол. Аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Такимова конференция қонақтары мен баяндамашыларға сәттілік тілей келе: «Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі тіліміздің әрі қарай жаңғыруына жақсы ықпал етері сөзсіз. Ол біздің ұлттық кодымызды сақтап, ұлт ретінде дамуымызға жол ашады. Латын әліпбиіне көшу – өз әліпбиімізге оралу, нақтырақ айтқанда, түрік әлеміне, тіліне оралу деп түсінеміз», — деген пікірін білдірді.
Мұнан кейін А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты А.Фазылжанова «Латын негізді жаңа қазақ ұлттық әліпбиі: проблемалары мен болашағы» тақырыбында баяндама жасап: «Қазіргі уақытта еліміздің басты проблемасына айналып отырған ең өзекті тақырыптардың бірі – әліпбиіміздің өзгеруі, яғни, қалыптасқан дәстүрді бұзып, кириллицадан латын әрпіне көшу» деп, атап көрсетті . Келесі кезекте Қ.Сәтбаев университетінің Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты А.Үдербаев «Дүниежүзі қазақтарының жазуы және латын әліпбиінің маңызы» тақырыбында баяндама жасап: «Қазіргі таңда қолданыста жүрген жазу үлгілері аз емес. Солардың ішінде латын әліпбиін дүниежүзі елдерінің көбісі қолданатыны деректерден белгілі. Латын әліпбиі бізге таңсық емес, себебі, ол біздің қоғамға әлдеқашан еніп кеткен» деді.
«Факторы, влияющие на выбор и развитие письма» тақырыбындағы баяндамасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің орыс және шет тілдері кафедрасының доценті, Қ.Сәтбаев университетінің Қазақ және орыс тілдері кафедрасының ассистент-профессоры Х.Мухамадиев әр ұлттың сөйлеу тіліне әсер ететін факторларды атады. Ал, qamshy.kz порталы мен «Attila qroup» интернет компаниясының жетекшісі Біләл Қуаныш латын әліпбиіне көшу кезінде ақпараттық технологияларды пайдаланып, тез меңгеру үшін жасалып жатқан іс-шаралармен таныстырып: «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы деп ойлаймын. Себебі, әр ұлттың өзіндік бірізділігі, ерекшелігі, ең бастысы, оның тілімен белгіленеді. Сондықтан, тілдің дамуы,өркендеуі қандай болса да ұлт үшін өте маңызды. Латын әліпбиіне көшу қазақ халқының алға жылжуына,жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз» десе, 10-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының авторы, Абай атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Қаныбекова «Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі» тақырыбында баяндама жасады.
Конференцияны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология және әлем тілдері факультеті директорының ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары К.Куркебаев: «Латын әліпбиін қолдану әлемдік ғылыми, тілдік кеңістікке кіру үшін қажет. Бұл басқасын айтпағанда, түркі халықтарына ортақ әріп. Латын әліпбиі мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтеді. Шет елдерде жүрген қандастарымыз осы жазу арқылы қазақ жеріндегі барлық жаңалықтан хабардар болады. Мүмкін, бұл бастама еліміздің әлемнің дамыған елдер қатарына ену жолына ашылар есік болар деп ойлаймын. Осындай келелі мәселені көтеріп , конференцияны ұйымдастырып отырған Қарасай ауданының білім бөлімінің басшысы Г.Такимоваға, гимназия директоры Т.Сайбыроваға алғысымды білдіремін» деп қорытындылады.
Конференция соңы мектеп-гимназия оқушыларының концертіне ұласты.
Жұмабек СМАМЫТОВ.