Саяси реформаның бастауы – биылғы өтетін сайлау. 19 наурызға белгіленген ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаты депуттаттарының кезектен тыс сайлауынан халық осы жолы жаңа Қазақстанның алғашқы көрінісін көруге үмітті.
Биылғы сайлау расымен де бұрынғыдан өзгерек деуге болады. Мажоритарлық сайлау жүйесі енгізілгендіктен әр өңірдегі сайлау комиссияларының құрамында және сайлау учаскелерінде айтарлықтай өзгеріс орын алды. Комиссия мүшелерінің сайлау күні атқаратын міндеттеріне сәйкес ұйымдастыру жұмыстары да бұрынғы сайлауға қарағанда басқаша. Мәселен, бюллетеньдердің саны артып, олардың түстері өзгерді.
Сайлау жұмысына қатысты осы және өзге де өзгерістер Қарасай ауданында өткен жиын барысында талқыланды. Оған Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Мейрамгүл Айтова арнайы қатысып, аудан бойынша нақтыланған сайлау учаскелеріндегі комиссия құрамына түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Басқосуды алдымен Қарасай аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Ғалия Аманова ашып жүргізіп, осы жолғы сайлау маңызды әрі жауапты жұмыс екенін түсіндірді. Одан кейін Мейрамгүл Қазбекқызы әр округтегі сайлау комиссиясының мүшелері атқаратын міндеттерге тоқталды. Бюллетеньдердің саны мен олардың түстеріне аса мән беруді, сайлаушылардың жүріс-тұрысына, дауыс беру кезіндегі тәртібіне мұқият болуды түсіндірді.
Комиссия құрамындағы мүшелер де өз тарапынан сауалдарын қойып, кейбір түсініксіз жайттарды анықтады. Одан кейін осы жиын барысында практикалық тұрғыда сайлаушылар мен комиссия мүшелері арасында дайындық жұмыстары өткізілді. Қателікке бой алдырмау үшін әрбір іс-әрекет ортақ талқыланды.
Айта кетейік, Қарасай ауданы бойынша 198000 сайлаушы бар екені нақтыланған. Олар әрбірі тұрғылықты жері бойынша 111 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасай алады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.