Бір кітаптың мазмұнын бір ғана көрініспен түсіндірген Абай мектеп-гимназиясының ұстаздары көпшілікті тәнті етті. Сахналық қойылым өткен аптаның жұмасында Қаскелең гуманитарлы-техникалық колледжінің ғимаратында аудандық Аналар мен Қаскелең қалалық ардагерлер кеңестерінің ұйымдастыруымен өткізілген облыстық кітап конференциясы барысында көрермендер назарына ұсынылды.
Шараға Алматы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Жамал Баймадиева және басқа аудандағы аталған ұйымның жетекшілері арнайы келіп қатысты.
Қазіргі жастарды кітап оқуға баулу, қызығушылығын оятуға арналған шараның басты тақырыбы ретінде бойындағы барлық адами асыл қасиеттері аналық ыстық сезімімен, ақ әжелік мейірімімен толығымен тоғысып, ұстаздық ұлы ұлағатыменен де, тәлім-тәрбиелік өрісті өнегесіменен де әдемі жарасым тапқан. Сонымен қатар, аудандық әжелер алқасының төрайымы ретінде орнықты отбасылық өмірге, ұлттық салт-дәстүрге қатысты жүргізген жүйелі жұмыстары ел-жұрттың ерекше көңілінен шығатын Ақылия Бекбайқызының «Қара қайрақ» кітабы таңдалып алынған.
Бұл кітапта төрт бөлімге топтастырылған жазбалар, шынында да, Өмірәлі әулетінің шежіресі іспетті екен. Қойылымда ең алдымен Әбен Өмірәлінің көзінің ағы мен қарасындай қызы Гүлмираға жазған бірнеше хатында баяндалған оқиғалар сахналанды. Ұрпағын сүйіп, ұл-қызын құрметтеген әке сонау Мәскеудегі студент қызына 400-ден астам хат жазыпты. Екінші бөлімінде Ақылия апайымыз қыз баланы тәрбиелеудегі ой-пікірлерін ортаға салса, үшінші бөлімде бірқатар ұлттық салт-дәстүрдің тереңіне бойлатып, мазмұнын жарқырата ашып, болашағына айқын жол сілтеді. Халықтық тәрбиенің қалпын бұзбай сақтауға шақырды. Сонымен қатар, жиында кітаптағы «Күнделіктен сыр» атты бөлімнен де Ақылия апамыздың жан-дүниесін жайлаған жағымды ой-пікірлері оқылды. Ұстаздар қауымынан құралған актерлердің ойындары осылайша жиналғандарға жағымды әсер қалдырды. Кеш қонақтары ретінде келген 85 жастағы Тосын Арслан ата «Қара жорға» биін билесе, сазгер Тауқиддин Заманұлы «Балқадиша» әнін нақышына келтіре орындады.
Конференция соңында Жамал Қасымбекқызы шараны жақсы деп бағалады. Ақылия Бекбайқызы да өз кезегінде жиынның өткізілуіне атсалысқан Қаскелең қалалық ардагерлер кеңесіне, Қаскелең гуманитарлы-техникалық колледжі мен Абай мектеп-гимназиясының директоры Тұрсын Сайбыроваға алғысын жеткізді. Ауданға арнайы келген қонақтарға Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашев қолдауымен дастархан жайылып, құрмет көрсетілді.
Несіпбала ӘБДІЛДАЕВА,
Қаскелең қалалық ардагерлер
кеңесінің төрайымы.