Кітапханада жаңа технологияларды қолдану аясында атқарылатын жұмыстар оқырман санын толықтырып, мәдени деңгейінің көтерілуіне тиімді әсер етеді. Бүгінде Қарасай аудандық кітапханасының балалар бөлімінде заман талабына сай 3D кітаптар мен «сөйлейтін қалам» құрылғысы кішкентай оқырмандар назарына ұсынылып келеді. Кітаптардың басты ерекшелігі гаджеттермен бірге қолданылуында. Смартфондағы бағдарлама арқылы камераны кітапқа қаратқанда оқулықтан 3D анимациялық суреттер шығады. Бұл – әсіресе оқуға ынтасы жоқ балаларды кітапқа деген қызығушылығын тудыруға таптырмас мүмкіндік.
Кітаптарды «толықтырылған шынайылық» режимінде көру үшін олардың бірінші бетіндегі нұсқаулығымен танысып, «Google Play» немесе «App store» арқылы «Big dream» қосымшасын смартфонға орнату қажет. Одан кейін қосымшаны қолдану арқылы кітаптардың бетіне жақындатқанда дыбысы бар видеоақпарат беріледі немесе 3D форматында суреттер пайда болады. Қазіргі уақытта Big dream мобильді қосымшасының ішінде «Астана», «Қазақ жерін мекендеген алып жануарлар», «Мои любимые животные и птицы во всех странах», «Анатомия», кітаптарының желісін 3D анимация арқылы көріп, «Alippe», «Alphabet» арқылы әріптерді, ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік қарастырылған. Ал кітапханадағы тағы бір мұқаба мен ішкі беттерге жаңа 3D технология қолданылған «Түркістан» кітабы бар. Смартфонның камерасын қосып кітапқа қарай түсірсеңіз Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ежелгі көрінісі және оны айналдыра отырып, кесененің жан-жағы мен ішкі көріністерін көруге болады.
Аудандық кітапханадағы балалар бөлімінің меңгерушісі Татьяна Гончаренконың айтуынша, бұл әсіресе балалардың қызығушылығын туғызады. Ол ойын, яғни, қимыл-қозғалыс, дыбыс әрі көрікті сурет түрінде болғандықтан балалар мәліметті жылдам есіне сақтайды екен.
Келесі кітапхана қорындағы тағы бір заманауи оқу жабдығының бір түрі – «сөйлейтін қалам». Ол дегеніміз – кәдімгі авто қалам түрінде және көлемінде жасалған құрал. «Сөйлейтін» қаламның ұшын кітаптағы мәтінге қойылған белгілерге тигізгенде, сол белгінің белгілеп тұрған жеріндегі мәтін немесе оның үзіндісіне үн бітіп, кәдімгі жанды сөз естіледі. Ол – компанияда алдын ала жазылып, қалам ішіне орнатылған бағдарламаға енгізілген диктордың оқуындағы мәтін. Тыңдау ұғынықты болуы үшін диктордың дикциясының анық, қуатты және мәнерлі әрі техникалық тазалығы қамтамасыз етілген.
Бұл жинақтың тағы бір атап айтар ерекшелігі – ұлттық тәрбиеге қатысты әрбір кітапша мазмұнының жүйелі түрде «Бесік жырынан» бастап, «Бабалар батасымен» рет-ретімен берілу, бұл да жинақты құрастырушылардың көп ізденгендіктерін және ұлтымыздың рухани бай ұлттық қазыналарын жүйелі түрде сараптай білгендіктерін аңғартады. Осы құндылықтарды бала бойына сіңіру жолдарының бірі – ұлттық салт-дәстүрлерді ойын арқылы балаға жеткізу. «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Атқа мінгізу», «Тілашар той», «Қазақи қонақжайлылық», «Киіз үймен танысу», «Тұрмыстық заттарды суреттеу» сияқты «Салт-дәстүрлі ойындар» қазақтың ұлттық мәдениетін тануға, отбасы құндылықтарын сезіне білуге үйретеді. Ал бұл мектеп жасына дейінгі балалардың қазақ халқы мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстыруда және мемлекеттік тілді үйретуде нәтижелі жұмыстардың бірі болмақ.
Міне, байқағандарыңыздай заман талабына сай технологиялар Қарасай аудандық кітапханасында бар. Балалардың кітапқа деген қызғушылығын оятуға барлық мүмкіндіктер жасалған. Халқымыздың тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне, ғылымы мен біліміне қатысты кітаптарды бір орталыққа жинастырып, оқырмандардың игілігіне ұсынып келеді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.