Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «KitapTime» жалпыұлттық кітап фестивалі биыл да өз жалғасын тапты. Соның аясында қоғамда кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттап, оқырман мен кітап арасындағы байланысты жаңа, заманауи форматта дамытуды мақсат еткен Қарасай ауданының орталық кітапханасында «Кітап – зерделі ұрпақтың темірқазығы» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың кітап оқу мәдениетін арттыру, ел ішінде зерделі, бәсекеге қабілетті әрі жасампаз тұлға қалыптастыруға толық жағдай жасау жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы игі бастаманы жүзеге асыру бағытында 2025 жылдан бастап елімізде «Кітап оқитын ұлт» ауқымды жобасы қолға алынды. Аталған бастаманың басты мақсаты қоғамда тұрақты оқу ағартушылығын орнықтыру, оқырмандардың сыни әрі талдамалық ойлау қабілетін дамыту, сондай-ақ кітапты барлық жас пен әлеуметтік топтар үшін сарқылмас білім мен руханият көзі ретінде кеңінен насихаттау болып табылады.
Жоба аясында қыркүйек айының 11-і күні сағат 11.00-де еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі түрде «KitapTime-2026» V жалпыреспубликалық кітап фестивалі салтанатты түрде бастау алды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылған бұл ауқымды шара шеңберінде республика бойынша 1 795 мәдени-ағартушылық іс-шара өткізіліп, оған 55 мыңнан астам оқырман белсене қатысты. Ел көлемін қамтыған осы бір рухани мерекеден Қарасай ауданының кітапханалар жүйесі де тыс қалған жоқ.
Айтулы күнде аудандық орталық кітапханадан бастап округтердегі рухани мекемелер де бұл бастамаға бірауыздан қосылып, әртүрлі форматтағы қызықты да мазмұнды шаралар легін ұсынды. Ал аудандық орталық кітапханада фестиваль аясында «Кітап – зерделі ұрпақтың темірқазығы» атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Келген оқырмандар мен қонақтар үшін қазақ әдебиетінің бәйтеректері мен танымал жазушыларының сирек әрі құнды шығармалары қойылған арнайы көрме ұйымдастырылды.
Сонымен қатар шара аясында арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері, оқытушылар мен сарапшылардың қатысуымен мазмұнды семинар-жиындар мен ашық пікірталастар өтті. Мәселен, Жамбыл орта мектебінің кітапхана меңгерушісі Майра Бегімова мен Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлмира Асылбекқызы модераторлық етіп, жастар арасында оқу мәдениетін арттыру, оларды көркем әдебиетке баулу және кітапқа деген қызығушылығын ояту жолдары төңірегінде тұщымды ой қозғап, оқушылармен еркін форматта пікір алмасты. Жиын барысында жас оқырмандардың тапқырлығын шыңдау мақсатында «Мақалды жалғастыр» интеллектуалды сайысы ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға құрмет көрсетілді.
Танымдық әрі рухани мәні терең өткен бұл фестиваль заман ағымы қаншалықты дамып, цифрлық технологиялар өмірімізге енгенімен, кітап оқу дәстүрі ешқашан өз маңызын жоғалтпайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Шара соңында аудандық орталық кітапхананың директоры, Қазақстанның Құрметті кітапханашысы Ұлдархан Өтеева сөз алып, кітаптан нәр алудың рухани азық екенін атап өтіп, барша қабырғасы қайыспас оқырман қауымды кітапты қадірлеуге, оны тұрақты серік етуге шақырды.
Осылайша, Қарасай өңірінде өткен «KitapTime-2026» фестивалі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, аудан тұрғындары мен жастарына үлкен рухани серпіліс сыйлады.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

