Биыл Тәуелсіздік алған егемен елімізге 30 жыл толып отыр. Осыған орай өзім қызмет еткен С. Керімбеков атындағы орта мектеп туралы азды-көпті әңгімелегім келеді.
…Мені 1990 жылы қаңтар айында аудандық халық ағарту бөлімінің басшысы Н.Л. Коробкин өзіне шақырып алып, М. Горький атындағы орта мектептің ғимаратында жаңа орта мектептің ашылғанын, егер келіссем сол білім ұясын басқаруға жіберетінін айтты. Бірақ, мектеп ғимаратының ескі, үлкен жөндеу жұмыстарын талап ететінін қазіргі деңгейде оқушы қабылдауға ешқандай мүмкіндігі жоқ екенін де ескертті.
Менің келісімімді алған басшымыз мұнан кейін аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ж. Дүйсенбековке жолықтырды. Кездесу кезінде ол кісі мектепке жөндеу жұмыстарына көмек көрсететінін айтып, уәде берді.
Сонымен 1990 жылғы Қаскелең аудандық атқару комитетінің №29 шешіміне сәйкес, М. Горький атындағы орта мектептің ескі ғимаратында жаңа мектеп ашу туралы қаулы қабылданды. 1990 жылы 16 ақпан күні аудандық халық ағарту бөлімі басшысының №26/2 бұйрығына сәйкес, жаңадан ашылған мектепке директор болып тағайындалдым. Сонымен бірге, бұйрық бойынша мектепке ақпан-тамыз айларында жөндеу жұмыстарын жүргізу, жаңа мектепті 1990 жылы 1 қыркүйекте ұйымдастырып ашу да маған жүктелген еді.
Мектеп ғимаратын жаңа оқу жылына дайындау жұмысын жылу жүйесін күрделі жөндеуден өткізуден бастадым. Өйткені, мектептің жылу жүйесі жылда қыс айларында қатып қалатын болған, әрі жылу шатырдан келетін, сөйтіп барып қана әрбір сыныптарға тарайтын. Жөндеу жұмыстары кезінде жылу жүйесін мектеп шатырынан түгелдей алып, оның класс, бөлмелер арқылы келуіне қол жеткіздік.
Екінші бір проблема – мектеп шатырын түгелдей жаңасына ауыстырдық. Үшінші проблема – кейбір класс бөлмелерінің едендерінің тақтайлары ескірген, мыжылған, оларды да жаңасына алмастырдық.
Төртінші проблема – мектептің айналасы толық қоршалмаған, тек алдыңғы жағында 70-80 метрдей биік қоршау ғана болды, оны сол кездегі РСУ басшысы Жанат Қалқабаев түгелдей темір тормен қоршатты. Сондай-ақ, оның мектептің жылу жүйесін де түгелдей жөндеп бергенін атап айту керек. Бесінші, ең негізгі проблема – ашылатын мектепте парталар да, тақталар да жоқтың қасы болды. Сондықтан аудан мектептерін аралап жүріп, артық парта, тақталарды әкеліп, кластарды жинақтадық. Бізде, сонымен қатар, техника, құрал-жабдықтар, пәндер бойынша көрнекті құралдар болмады, бәрін де қолдан жинастыруға тура келді.
Жаз бойы мектептің айналасына долана, қайың, қарағаш, сирень отырғыздық, алдына таудан топырақ әкеліп, роза гүлдерін егіп, оны күттік. Бірінші қыркүйекте гүлдер мектеп алдын жайнатып тұрды!
1990 жылдың 27 тамызынан 8 қыркүйегіне дейін мына төмендегі оқу кабинеттері ұйымдастырылып, жабдықталынды: химия кабинеті – 1, физика кабинеті – 1, биология кабинеті – 1, қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті – 1, орыс тілі мен әдебиеті кабинеті – 1, математика кабинеті – 1, ағылшын, неміс тілдері кабинеті – 2, лингофон кабинеті – 1, ағаш өңдеу шеберханасы – 1, тігін шеберханасы – 1, спорт залы, акт залы, бастауыш сыныптары – 8 .
Барлық кабинеттерді жабдықтауға аудан мектептері көп көмек берсе, химия, физика кабинеттерін, ағаш және темір өңдеу шеберханаларын жабдықтауға облыстық білім бөлімі көмек берді. Мектепті оқушылармен қамтамасыз ету 1990 жылдың қазан айына дейін жүргізілді. Ал, аудандық халық ағарту бөлімі мектеп директорына, яғни, маған мұғалімдермен қамтамасыз ету жұмыстарына 27 тамыздан бастап қана рұқсат берді.
Жаңадан ашылған мектептің педагогикалық ұжымының алдына қойған негізгі міндет «Оқу жоспарындағы міндеттерді жүзеге асыру жолында, оқыту мен тәрбиелеу үрдісінде өзге де педагогикалық технологияларды пайдалана отырып, шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру, жан-жақты дамыған жеке тұлға тәрбиелеу» болды. Сол кездері осы мектептің оқу-тәрбие жұмысын алға қоя білген, мектепке қабылданған оқушыларды қамқорлықтарына ала отырып сапалы білім, саналы тәрбие берген ұстаздар: Беспаева А.П., Губер Л. П., Валентинов О.Г., Өркенбаева Б.Б.,Портнева И.А., Махова О. Ю., Остапенко И.А., Афанасьева А.А., Фрезе Э.А., Мәсімақынова Н.В., Макажанова Г.Е. және көптеген ұстаздарды атап кетуге болады.
1991-1992 оқу жылынан бастап екі (орыс-қазақ) тілде оқушыларға сабақ беруді ұйымдастыру үшін 4 қазақ класы ашылып, оқу-тәрбие жұмыстары екі тілде жүргізіле бастады.
1992 жылы Қаскелең ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Ұлы Отан соғысының ардагері Үсенбай Тастанбековтың ұсынысымен мектепке қазақтың ұлы ақыны Ж. Жабаевтың шәкірті, суырып салма ақын, осы ауданның Жалпақсай өңірінен шыққан Сәяділ Керімбековтың аты берілді. 2012 жылы мектеп ғимаратының алдына ақынның ескерткіші қойылды.
2007-2008 оқу жылы мектепте орыс тілінде оқитын оқушылардың саны азайды және орыс тілінде сабақ беретін пән мұғалімдерінің шетелдерге кетулеріне байланысты, орыс тіліндегі кластар жабылып, біз таза қазақ мектебіне айналдық.
2013 жылы 1965 жылы салынған мектептің ескі ғимаратына жан-жақты жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектептің шатыры, мектеп ғимаратының жарық, су, кәріз, жүйелері толық ауыстырылды. Класс, кабинеттер, дәліздің едендері жаңадан ауыстырылса, мектептің терезелері пластикалық рамалардан, есіктері жаңа жеңіл материалдардан жасалды. Мектептің ішінде 3-4 орындық дәретхана ашылды. Айналасына түгелдей асфальт төселіп, класс, кабинеттер жаңа партамен, үстел-орындықтармен, физика, химия кабинеттері жаңа техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталды.
2015 жылы ақпан айында мектептің оқу-тәрбие жұмыстары, Алматы облысы білім саласындағы бақылау комитетінің ұйымдастыруымен, аттестациялаудан өткізілді. Оқушылар мен мұғалімдер өздерінің білімдері мен біліктілігін көрсете отырып, мектеп ұжымы аттестацияда 96,5 пайызды көрсетіп, жоғарғы көрсеткішке ие болды.
2019 жылы мектеп аумағының оңтүстік жағынан 300 орындық екі қабатты қосымша ғимарат жапсаржай салынып, пайдалануға берілді.
Ауданымызда Тәуелсіздікке дейін қазақ тілінде оқытатын бір ғана Абай орта мектебі (қазіргі Абай атындағы мектеп-гимназиясы) болса, еліміз азаттық алысымен, 1991 жылдан бастап біздің мектепте алғашқы қазақ кластары ұйымдастырылғаны да үлкен оқиға болды.
Мен осы білім ұясын 26 жыл бойы үзбей басқарып, бар білім-білігіммен, тәжірибеммен оның оқу-тәрбиелік жұмысының өрлеуіне өз үлесімді қосқанымды мақтан етемін! Мектептің ұйымшыл ұжымына алда да табыс-жетістік тілеймін.
Ел ертеңін жарқын етер жас ұрпағымыздың әманда жолы ашық болсын!
Сағат МӘСІМАҚЫНОВ,
Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы,
С. Керімбеков атындағы орта мектептің бұрынғы
директоры.