Елтай ауылдық округіндегі М.Бейсебаев атындағы мектебінде бірнеше топтардан тұратын би тобы құрылған. Олар жыл сайын облыстық, республикалық жарыстарға қатысып жүлделі орындарды еншілеп, сол арқылы Қарасай жерінің мерейін асырып жүр. Мысалға, жуырда Нұр-Сұлтан қаласындағы ІІІ халықаралық «Шашу» би фестивалінде бақтарын сынаған еді. Мұнда еліміздің түпкір-түпкірінен жиналғандар арасында оқ бойы озық шығып, «Кербез» тобы бірінші орын қанжығаларына байласа, ырғақты әуенге биді нақышына келтіре орындау арқылы «Карамелька» тобы да бірінші орын иеленді.
Балалардың би әлемін түсініп қабылдаудағы талғампаздығын, эстетикалық сезімталдығын қалыптастыруда бағыты мен мақсаты айқын топтың хореографиялық жетекшісі Мақпал Жаркетерова. Білікті маман қолға алған бұл бастамасына жауапкершілікпен қарап, әр шәкіртімен жекелей жұмыс жасап, ерекше стилді өзінің қол-таңбасын қалдыруға тырысады. Ал, бұл үйірмеге қатысушы жеткіншектердің ата-аналарының қолдауы да ерекше. Концерттік көйлектер мен байқауларға барар жолақысын өз мойындарына алып, балаларының дамып, жетістікке жетуіне барынша көмек көрсетуде.
Б.ЕРМЕКҚЫЗЫ.