2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 340 мыңнан астам көп балалы отбасы жаңа мемлекеттік жәрдемақы алатын болады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мамандарының болжамы бойынша төрт немесе одан көп баласы бар 340,3 мың отбасы көп балалы болуына байланысты мемлекеттік жәрдемақыға үміткер бола алады. Айта кетерлігі, аталған жәрдемақы енгізілгеннен бастап Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуына байланысты алушылар саны да артуы мүмкін.
Аталған мемлекеттік жәрдемақыны енгізу Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың негізгі үш бағытының бірі болып табылады. Таяуда министрлік тиісті заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің қарауына енгізуді жоспарлап отыр.
Жоғарыда аталған мемлекеттік жәрдемақы 4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан төленеді деп жоспарлануда. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай сараланады. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 125 теңге, 6 балаға – 63 750 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 375 теңге төленеді.
Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері әр балаға 10-11 мың теңгені құрайды, бұл 2018 жылдан бастап тағайындалмайтын осыған ұқсас жәрдемақыдан 4-7 есеге көп.
Бір айта кетерлігі, бүгінгі таңда елімізде бала саны жетіден асатын 3151 отбасы бар. Осы ретте «Алтын алқа», «Күміс алқа» немесе бұрынғы «Батыр ана», «Ана даңқы» сияқты ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар мемлекеттік жәрдемақыны да алатынын айта кеткен жөн. Олардың орташа мөлшері 16 160 теңгені құрайды. Ағымдағы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша оны 235 мыңға жуық адам алады. Бұл мемлекеттік жәрдемақының төленуі сақтала бермек.
Естеріңізге сала кетсек, жақында яғни, 7 қазанда ҚР Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жәрдемақыны көбейту жағын жоспарлап, АӘК көрсетуге қатысты ақпарат айтқан болатын.
Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) табысына қарамастан төленеді.
АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ы тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады
Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.