Кеген ауданы
Алматы облысындағы ауылдар көркейіп келеді. Кеген ауданының орталығы Саты ауылында жаңа әкімдік ғимараты бой көтерсе, Жалаңаш ауылында қысқы спорт түрлерінің мектебі ашылды. Енді ауыл тұрғындары мемлекеттік қызметтерді алу үшін аудан орталығына барып сабылмайды. Ал жеткіншектердің шаңғы спортымен шыңдалуына мүмкіндік бар. Жалаңаш ауылында қысқы спорт түрлері мектебінің ашылуы қуанарлық жағдай екені сөзсіз. Себебі, елді мекеннің табиғаты мен тау етегі балалардың шаңғы теуіп, шыңдалуына қолайлы. Жалпы, Райымбек, Кеген аудандарында 17 жаттықтырушы 680 баланы қысқы спорт түрлеріне баптап жүр.
– Қазргі уақытта 2 спорт түрі дамытылды. Бірінші – шаңғымен жүгіру, екінші –шаңғымен бағдарлау. Келесі жылы тау шаңғысы, содан кейін келешекте Райымбек, Кеген аудандарының табиғатына сәйкес биатлон спорт түрін ашсақ па деген ойымыз бар, – дейді қысқы спорт түрлері мектебінің басшысы Қайрат Нұрбаев.
Осы ретте Саты ауылдық округі қазір туристер көптеп табан тірейтін жерге айналғанын айта кеткен жөн. «Сондықтан, жаңа әкімдік ғимараты ауылдың көркін аша түсті», – деп дән риза жергілікті тұрғындар. Әсіресе, халық енді аудан орталығына бармай-ақ, қажет мемлекеттік қызметтерді жақын жерден ала алады.
– Жаңа мемлекеттік қызмет түрлері іске қосылды. Интернет желісі іске қосылды. Компьютермен толығымен қамтамасыз етілді. Компьютерлер бүгінгі заман талабына сай жоғары жылдамдықта жұмыс істейтін компьютерлер. Жиһаздармен толық қамтамасыз етілген. Енді осының бәрі ауыл халқына көмегін, септігін тигізетін болады, – дейді Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов.
Жыл соңына дейін Кеген ауылдық округінде де жаңа әкімдік ғимараты қолданысқа беріледі. Аудан басшылығының мәліметінше, аймақта тағы үш ауылдық округтің әкімдік нысанын жаңарту жоспарда бар.
Бұрым ОРЫНБАСАР.