Бүгінде өркендеген заманда жаңа технологияның әлеуеті жоғары болып отыр. ХХІ ғасыр – жаңа технологиялардың заманы. Қазіргі таңда оны тиімді пайдаланғандардың қол күші азаяды, еңбек өнімділігі еселеп артып келеді. Айта кетейік, Кеген ауданында жаңа технологиямен жұмыс жүргізіп жатқан құрылымдар саусақпен санарлықтай ғана. Солардың арасында Қарқара ауылдық округіне қарасты «Қарқара өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңсесі биік, жұлдызы жарық.
Сәкен Нұрлыбаевтай азамат басқаратын серіктестіктің 75 гектар жерге отырғызылған картобының жағдайы жаман емес. Ең бастысы, әйгілі Қарқара өңірінің құнарлы қара топырағына өсірілген дарқан дақылдың шығымы жақсы. Серіктестік көктемнен басталар дала жұмыстарын жаңа технологиямен жүргізеді. Оған қажетті техникаларының бәрі бар. Шетелден алынған техникалардың тиімділігі орасан. Тигізер пайдасы жетіп-артылып жатады. Мұнда қолмен атқарылатын жұмыс жоқтың қасы. Картоп дақылы жаңбырлатқыш техникамен суарылады. Голландиялық алымды агрегат бір тәулік ішінде 30 гектарға дейін сапалы суарады.
– Картопты ауа-райының жағдайына қарай суарып отырамыз. Биылғы жаз жауынсыз, аптапты ыстық үзілмеді. Соған орай картоп алқабы бұған дейін 5 рет суарылды. Қарқараның жері – нағыз картоп өсіруге қолайлы, таптырмайтын орын. Тұқымымыз ескіріп барады. Жаңартуға мүмкіндігіміз келмей жатыр. Берері мол элиталық тұқым алуға облыстық әкімдік тарапынан көмек көрсетілсе жақсы болар еді. Өйткені, уақытқа сай алымды техникамыз бар, жеріміз де дарқан дақылға лайық. Кеген ауданындағы картоп өсіретін ірілі-ұсақты шаруашылықтарды картоп тұқымымен қамтамасыз ететін бірден-бір тұқым шаруашылығы болуға мүмкіндігіміз мол, – дейді «Қарқара өнімдері» ЖШС-нің директоры Сәкен Нұрлыбаев өзін толғантып жүрген жайларды да ортаға салып.
Биыл 50 гектар жерге голландияның «Селевана» атты тұқымы отырғызылыпты. Бұл тұқыммен айналысқандарына да бірсыпыра жыл болған. Қалған 25 гектар жерге «Илин» атты еліміздің картоп тұқымы өсірілген екен. Серіктестік ұжымы голландиялық тұқымнан күткендегідей өнім алатындарына сенімді. Атап айтқанда, әр гектардан 150 центнерден жоғары өнім алынады деп күтілуде. Жаңа технологиямен жұмыс жүргізетін қуаты мол серіктестікте картоптан бөлек 200 гектар күздік бидай, 350 гектар арпа бар. Орақ түсе қоймаған алқаптардың шығымы жаман емес. Біргелкі бой көтеріп, самал желмен баяу ғана тербетіліп тұрған бидай мен арпа қырманды дәнге толтырары анық. 400 гектар жерді алып жатқан көп жылдық шөп алқабынан мал азығы дайындалыпты. Берекелі картоп отырғызып, теңіздей толқыта бидай мен арпа өсіріп отырған серіктестіктің жалпы жағдайы жаман емес. Онда трактор, комбайн, көлік жүргізетін Тұрды Мұздыбаев, Виктор Цветков, Тілек Қоғалбаев, Әлі Рақышев бастаған онға тарта бесаспап азамат жұмыс істейді. Санаулы ғана еңбекқор жандар мың гектардан аса жерді игеріп, түлетіп отыр. Оған қуанасың, жұбанасың. Бәрі де жаңа технологиямен жұмыс істеудің нәрлі нәтижесі. Бәрін айт та, бірін айт, шұрайлы да ылғалды Қарқараның қара топырақты өңірінде жұмыс жасап жатқан серіктестікті элиталық картоп тұқымын өсіретін, дайындайтын шаруашылыққа айналдырудың маңызы зор. Бұған облыстық ауылшаруашылығы басқармасы назарын аударады деген үлкен сенімдеміз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығы саласының маңыздылығын жиі айтып отырады. Өйткені, ауыл шаруашылығы жалпы ішкі өнімнің негізгі үлесін қамтамасыз етуі керек. Нәтижесінде ішкі сұранысты толық қамтамасыз ету арқылы ауылды дамытып, экономиканы көтеруге үлес қосуға болады. Бүгінде ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан үлкен басымдық берілген. Мал өсіру, шаруашылық жерді игеру үшін жеңілдетілген субсидия беріліп, ата кәсіп бастаушыларға белгілі мөлшерде қайтарымсыз материалдық қолдау көрсетіліп келеді. Ең бастысы – Үкімет еңбек етемін деген ауыл адамының қос қолына күрек пен қаражат беруге дайын. Халыққа пайдасын тигізіп жүрген серіктестік қызметкерлеріне сәттілік тілейміз!
Индира ҚАНАТҚЫЗЫ.
КЕГЕН АУДАНЫ.